Қорғаныс министрлігінің Қарулы Күштердегі жемқорлыққа қарсы заңнамалардың орындалуын бақылау жөніндегі комиссия отырысы өтті
АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде жемқорлыққа қарсы заңнамалардың орындалуын бақылау жөніндегі Қорғаныс министрлігі комиссиясының кезекті отырысы өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ҚР баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Комиссия отырысын ашқан ҚР ҚК әскери полиция бас басқармасының бастығы Мұрат Тұмарбеков республиканың Қарулы Күштерінде жемқорлыққа қарсы заңнамалардың орындалуына бақылау жүргізу жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өткізіліп жатқан шаралардың пәрменділігін қамтамасыз етеді, деп атап өтті. Қорғаныс министрлігінің атына Бас әскери прокуратурадан Қарулы Күштердің қажеттілігі үшін дәрі-дәрмек пен күрделі құрылыс қызметтерін сатып алу үшін конкурстар ұйымдастыру және оларды өткізу кезінде орын алған заңдылықтың бұзылуын жою жөнінде ұсыныс түсті. Бас әскери прокуратураның ұсынысы қаралуының қорытындысы туралы ҚР Қорғаныс министрлігі әділет департаментінің келісімшарт-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы, әділет полковнигі Талғат Садықов хабарлама жасады. Офицер өз баяндамасында аталған фактілер бойынша заң бұзушылықтың орын алғанын қуаттады. ҚК материалдық-техникалық қамтамасыз ету бас басқармасының және бас әскери-медициналық басқармасының бастықтарына «Мемлекеттік сатып алу туралы» ҚР Заңын бұлжытпай орындау және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың ережесін сақтау жөнінде ұсыныстар берілді. Сондай-ақ жемқорлыққа қарсы заңнамаларды оқып-үйрену мақсатында ҚК жеке құрамдарының оқуын ұйымдастыру ұсынылды.