«Қорғас» арқылы Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалы артады
АСТАНА. KAZINFORM - 2026 жылғы 10–11 тамызда Қазақстан мен Өзбекстанның көлік ведомстволарының өкілдері қазақ-қытай шекарасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылым нысандарын аралап шықты, деп хабарайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, жұмыс сапары екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 23-отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында ұйымдастырылды.
Екі ел делегацияларын Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов және Өзбекстан Республикасы көлік министрінің бірінші орынбасары Маманбий Омаров басқарды.
Жұмыс сапары аясында делегациялар «Алтынкөл» теміржол станциясына, «Кедентранссервис» терминалына, «KTZE-Khorgos Gateway» құрғақ портына, сондай-ақ «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барды.
Өзбекстан тарапына Қытайдан келіп түсетін жүктерді қабылдау, өңдеу және қайта тиеудің қолданыстағы тетіктері, Қазақстанның теміржол және терминалдық инфрақұрылымының мүмкіндіктері, сондай-ақ жүктерді халықаралық көлік бағыттары бойынша одан әрі жөнелтуді ұйымдастыру тәртібі іс жүзінде көрсетілді.
Жұмыс сапары барысында Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағыты бойынша жүк ағынын ұлғайту, қолданыстағы терминалдық қуаттарды неғұрлым тиімді пайдалануға және бірлескен логистикалық шешімдерді дамытуға ерекше назар аударылды.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар тасымал көлемін ұлғайту, терминалдық инфрақұрылымды дамыту және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды жан-жақты пысықтауды жалғастыруға келісті.
Осыған дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2,7 млрд доллардан асқаны туралы жаздық.