08:44, 01 Сәуір 2013 | GMT +5
«Қорғас ісі» ашық әрі объективті түрде қаралатын болады - Жоғарғы сот төрағасы
АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - «Қорғас ісі» ашық әрі объективті түрде қаралатын болады. «КТК» телеарнасында өткен «Халық қызметшісі» бағдарламасында сұхбат берген еліміздің Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаров осылай мәлім етті.

«Қорғас ісі» сәуір айының алғашқы онкүндігінде сотқа түсуі тиіс. Маған белгілі болып отырғаны, іс материалдары 1 614 томды құрайды, қылмыстық іске 45 адам тартылған. Бұлар кеденнің, қаржы полициясы органдарының және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауапты тұлғалары. Олардың 43-і қамауға алынған, 94 адвокат оларды қорғауға алған. Іс бойынша 600-ден астам куәгер бар», - деді Б.Бекназаров.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта «Қорғас ісін» қарау үшін үлкен зал дайындауда. Онда журналистерге барлық жағдай жасалады. Жоғарғы соттың баспасөз қызметі сот үдерісінің барысы туралы ақпараттарды жедел ұсынатын болады.