Қорғаста 7 млрд теңгеге жуық салық пен кедендік төлем төленген

АСТАНА. KAZINFORM – Жетісуда «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында 32 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтып берді. 

Қорғаста 7 млрд теңгеге жуық салық пен кедендік төлем төленген
Фото: Жетісу облысының өңірлік коммуникация қызметі

Іске асырылған негізгі жобалар ішінде KTZE – Khorgos Gateway құрғақ портын кеңейту жұмыстары аяқталды, соның нәтижесінде терминалдың өткізу қабілеті 1,5 есеге артты, яғни жылына 540 мыңнан 800 мың контейнерге дейін өткізе алады. Сол сияқты күн панельдерін өндіретін «Miami Solar», металл конструкцияларын шығаратын «Standart Steel KZ» зауыттар да бар. 

Арнайы экономикалық аймақта тағы 32 жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың ішінде «ENVISION» жел қондырғылары мен энергия сақтау жүйелері зауытының, MacCoffee кофелік және шай сусындары зауытының, «SkyHansa» халықаралық әуежайының құрылысын атап өтуге болады. 

– «Қорғас» ШЫХА жұмыс тиімділігін арттыру үшін жаңғырту жүргізіліп, екінші багаж терминалы іске қосылды, Face ID жүйесі енгізілді, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланды. Сондай-ақ «Қазпоштамен» жүк тасымалдау бағытында жұмыс басталды. Соның нәтижесінде орталыққа келушілер саны тәулігіне 2 есеге, яғни, 5 мың адамға дейін артты, - деді Б. Исабаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

2024 жылы мұнда 3,6 млрд теңге салық пен кедендік төлемдер төленді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 46 есе көп. 

2025 жылдың 10 айында 6,9 млрд теңге түсті, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 2,7 есе өсті. 

Облыс әкімінің айтуынша, «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілетін арттыру үшін ірі көліктерге арналған 2,4 шақырымдық айналма жол салынды. Оған қоса, жеңіл автокөліктерді «Қорғас» арқылы бағыттау жоспарланған. Бұл көлік легін қосымша азайтуға және «Нұр жолы» бекетінің өткізу қабілетін 30-40%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Жетісу облысында биылғы 10 айда барлық сала бойынша өсім байқалады. Өңірде 27 жаңа өндіріс ашылып, мың жарым жұмыс орны құрылды.

Соңғы жаңалықтар