Көргенімнен шошып, қимылдай алмадым: Нұрай Серікбай ісінде куәгер қайғылы сәтті баяндады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM – Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот отырысында басты куәгерден жауап алынды.
Қылмыстық іс сотта онлайн-трансляциясыз, қазақ тілінде ашық тәртіппен қаралып жатыр. Процеске судья Саммидин Теміралиев төрағалық етті. Бүгінгі сот отырысына прокурор Мадияр Әбілқасымов, марқұмның әкесі Бауыржан Сағынбек, оның екі адвокаты, 28 жастағы сотталушы Шерхан Аймахан, оның екі қорғаушысы және журналистер қатысты. Айыпталушы алқабилер сотынан бас тартқан. Аймаханды фото және видеоға түсіруге тыйым салынған.
Алғаш болып куәгер Индира Беркінбаева жауап берді. Сотталушыдан қауіптенетінін айтқан ол судьядан Аймаханды уақытша сот залынан шығаруды сұрады.
Куәгер 11 қаңтар күні кешкісін болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, көшеде көмек сұраған айқай естілген. Әуелі бір ер адам өтіп кеткен. Бірер секундтан кейін куәгер кері бұрылып, жерге құлаған қызға қарай барған.
– Мен оны тоқтатуға тырыстым, бар дауысыммен айқайладым. «Не істеп жатырсың?! Көмек керек, полиция шақырамын!» дедім. Алға қарай қадам жасадым, бірақ ол қайтадан қызға ұмтылды. Қарасам, қыз екі көліктің арасындағы тар жерде дәрменсіз жатыр. Ол күртесінің қалтасынан пышақ алып, тағы екі-үш рет соққы жасады. Болған жағдайды көргенде қатты қорқып, абдырап қалдым. Шок салдарынан қол-аяғымды қозғалта алмадым, – деді Индира Беркінбаева.
Оның айтуынша, оқиға екі минутқа жуық уақытқа созылған. Куәгер шабуыл кезінде қолданылған пышақты көргенін айтып, оның ұзындығы шамамен 15 сантиметр болғанын жеткізді. Ол сот залында пышақ көлемін бүктелген қағаз арқылы көрсетті.
Шабуыл жасаған адам өзіне де зиян келтіруі мүмкін екенін түсінген Индира Беркінбаева көмек шақыру үшін үйіне қарай жүгірген.
Куәгердің жауабынан кейін сотталушы Шерхан Аймахан қайтадан залға әкелінді. Сот марқұмның ағалары Дінмұхаммед пен Сұлтан Серікбайдың көрсетілімдерін тыңдауды жалғастырды.
Kazinform тілшілері сот процесін бақылап отыр.
Еске сала кетейік, алғашқы сот отырысында Шерхан Аймахан қасақана адам өлтірді деген айыпты мойындамаған болатын. Ол қайғылы оқиға болған күні Нұраймен қарым-қатынасын тоқтату және сақинасын қайтарып алу үшін барғанын айтқан. Оның сөзінше, кездесуге дейін көлігінен екі пышақ – аңшылық және жиналмалы пышақ алып, күртесінің қалтасына салған.
Айыпталушы жанжал кезінде қыз бірінші болып іш тұсына пышақ жарақатын салғанын мәлімдеді. Одан кейінгі оқиғаларды басынан өткен күйзеліс пен жеті жыл бұрынғы бас жарақаты салдарынан болған психикалық жағдайына байланысты есіне түсіре алмайтынын айтқан.
Алайда кешенді сот-психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша сотталушы есі дұрыс деп танылған.
Сот отырысының екінші жартысында марқұмның ата-анасы мен жақын құрбысы Нұрай туралы куәлік берді. Олар қызды мәжбүрлі түрде алып кету, кейінгі аңду әрекеттері, полиция мен прокуратураға жүгінуі туралы айтып берді.
Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, 11 қаңтар күні кешке Шерхан Аймахан алдын ала пышақ алып, қызды үйінің маңында күткен. Нұрайға 35 пышақ жарақаты салынған. Оның ішінде 9 жарақаты ішкі ағзаларға өткен, салдарынан ол оқиға орнында көз жұмған.
Сотталушы некеге тұруға мәжбүрлеу, аңду (сталкинг) және аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру баптары бойынша айыпталып отыр. Шерхан Аймаханға 15 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.