Қорытынды баға беруге әлі ерте — халықаралық байқаушы
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық байқаушы Басель Әл-Хадж Джасем Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау барысында сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын атап өтті.
Саяси шолушы, халықаралық қатынастар және Таяу Шығыс саясаты саласының маманы Басель Әл-Хадж Джасем бүгін Астанадағы бірнеше сайлау учаскесіне барып, дауыс беру барысын бақылады.
— Біз бүгін халықаралық байқаушылар ретінде сайлау барысын және заң талаптарының сақталуын бағалау үшін келдік. Бұл сайлаудың Қазақстан үшін маңызы ерекше. Алғаш рет бір палаталы Парламент сайлауы өтіп жатыр. Бұл Қазақстандағы конституциялық және саяси реформалар аясындағы жаңғырудың маңызды кезеңі, — деді ол.
Халықаралық байқаушының айтуынша, Қазақстанның маңызы географиялық шекарасынан әлдеқайда кең.
— Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында үлкен маңызға ие. Қазақстанның Ресей, Қытай және Еуропаның мүдделері тоғысатын жерде орналасқанын барлығы біледі. Қазақстанның тұрақтылығы тек Қазақстанның өзі үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды, — деп атап өтті Басель Әл-Хадж Джасем.
Ол сайлау учаскелеріне барғаннан кейінгі әсерімен де бөлісті.
— Сайлау учаскелерінде көргеніміз процестің ашық әрі жария түрде өтіп жатқанын көрсетеді. Байқаушыларға сайлау барысына қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етілген. Сондай-ақ дауыс беруге келген азаматтармен де ашық жұмыс істеуге мүмкіндік бар, — деді халықаралық байқаушы.
Сонымен қатар Басель Әл-Хадж Джасем сайлау процесіне әзірге түпкілікті баға беруге ерте екенін атап өтті.
— Жалпы және түпкілікті баға беруге әлі ерте. Бүкіл сайлау процесінің аяқталуын дауыс беруді, дауыстарды санауды және сайлау нәтижелерінің жариялануын күту қажет, — деп қорытындылады ол.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ сарапшысы Қазақстанның дамуы үшін саяси тұрақтылық басты шарт деп атағанын жазғанбыз.