Көркем әдебиеттерді де шет тілдеріне аударып, Қазақстанды көбірек таныстыруымыз қажет - Н. Рүстемов

АНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Маусымның 30-ы күні төртінші шақырылған Парламенттің екінші сессиясы өз жұмысын аяқтайды.Мәжілісте көптеген заң жобалары талқыланып, мақұлданды. Заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық психология және менеджмент академиясының корреспондент мүшесі, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұрбах Рүстемов

Көркем әдебиеттерді  де  шет  тілдеріне  аударып, Қазақстанды көбірек  таныстыруымыз  қажет  -  Н. Рүстемов

заң шығару қызметі жайлы ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

- Нұрбах Тұрарұлы, өткен жылы қыркүйектің 2-сі күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ашылған Парламенттің төртінші шақырылымының екінші сессиясы аяқталып келеді. Осы сессия барысында қандай маңызды құжаттар талқыға түсті? Сіз басқаратын комитет арқылы халықаралық маңызы зор қандай заң жобалары өтті?

  

Парламент Мәжілісінің бұл сессиясы өте қарқынды болды. Заң шығарумен қатар Мәжіліс қабырғасында көптеген семинарлар мен конференциялар, кездесулер өтті. Осы сессия барысында жүзден астам заң жобасы мақұлданды. Оның ішінде Елбасы тапсырмасына сәйкес, дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүзеге асыруды көздейтін әлеуметтік-экономикалық бағыттағы заң жобалары да бар. Соның бәрі Палатаның барлық комитетінен өтеді, оң қорытындысын алады. Өзіңіз айтқандай, негізінен біздің комитет халықаралық маңызды келісімшарттарды бекіту жөніндегі заң жобаларымен жұмыс істейді. Қазақстанның шетелдермен жасасқан барлық келісімдері Парламентте заң түрінде бекітілуі тиіс. Сонда ғана ол заңды күшіне енеді. Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдаған және Мемлекет басшысы қол қойған бірқатар құжаттарды атап өтейін. Қазақстан мен Сирия Араб Республикасының үкіметтері арасындағы Дамаск қаласында Әл-Фарабидің тарихи-мәдени орталығының және кесенесінің құрылысын салу жөніндегі және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Египет Араб Республикасының Үкіметі арасындағы Қаир қаласында әз-Захир Бибарыс сұлтан мешітін қалпына келтіру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заңдар бар. Осы келісімдерге сәйкес аталған нысандарды Қазақстан тарабы қалпына келтіруде. Бұл да еліміздің әлемдік өркениетке қосқан қомақты үлесінің бірі. Сол секілді осы сессияда қабылданған «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы келісімді ратификациялау туралы», «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы», «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімді ратификациялау туралы», «Әзірбайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Түркіменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» маңызды заңдарды атап өтер едім. Сонымен қатар еліміздің тыныштығын күзететін шекарашылардың, әскери қызметкерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған заң жобалары да біздің комитет арқылы өтеді. Мәселен, «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі және оларды әлеуметтік қорғау туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Осы заң жобасымен әскери қызметшілерді әлеуметтік және материалдық қамтамасыз етуге қатысты бірқатар толықтырулар енгізілді. «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» заңға ұсынылған толықтырулар да мақұлданды. Бұл заң мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау саласындағы құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталған. Заң жолымен мемлекеттің отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі саясаты ескерілді.

 - Заң - қоғам мен мемлекеттің дамуына жол ашатын саяси құрал. Дер кезінде қабылданған заң елді алға сүйрейді. Ал заңның қабылдануы кейінге қалып қойса, шиеленіскен мәселелер одан сайын күрделене түсетіні анық. Қазақстан Парламенті қабылдап жатқан заңдар заман талабына жауап беріп отыр ма?

  - Әрине, қажет кезінде қабылданып, қолданысқа енген заң халыққа қызмет етеді. Жалпы, заң жобалары мақсатсыз дайындалмайды. Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде және халықтың талабына сәйкес, Үкімет әзірленуі тиіс заң жобаларының тізімін бекітеді. Дайын заң жобалары Парламент Мәжілісіне келіп түсетінін жақсы білесіздер. Одан кейін Палатада депутаттардың көптеген түзетулері енгізіліп, жан-жақты жетілдіріліп мақұлданады да, Сенатқа жолданады. Парламенттің қос Палатасы қабылдаған заңға Елбасы қол қояды. Егер басқа мерзімі көрсетілмесе, ел Президенті қол қойған сәттен бастап заң өз күшіне енетіні белгілі. Заңға сүйене отырып Үкімет оны жүзеге асырудың заңнамалық актілерін шығарады. Сондықтан қоғамдағы барлық саланы реттеу үшін тиісті заң қажет. Заңсыз істелген қандай іс әрекет болмасын жауапқа тартылатыны анық. Сөз жоқ, қай саланы реттеуге бағытталса, заң сол саланың құқықтық нормаларын, қаржылық шығындарын, жүзеге асырылу тетіктерін айқындап береді. Мен заңдар қоғам талабына сәйкес әркезде уақтылы қабылданып отыр деп айтар едім.

- Бұл сұрақ та жоғарыда айтылған ойдан туындайды. Экономикамыздың тұрақтылығын сақтауға, қаржы дағдарысының қиындығынан шығуға қажетті заңдар қабылданды деп айта аласыз ба? Немесе алдағы уақытта қандай заңдарды жедел қабылдау қажет деп есептейсіз?

  

  - Дағдарысқа қарсы шаралар аясында Елбасы тапсырмасы бойынша Парламент те, Үкімет те біраз іс-шаралар атқаруда. Тек біздің ел ғана емес, әлемнің көптеген мемлекеттері дағдарыстың алдын алу мақсатында үлкен бағдарламалар қабылдады, қолданыстағы заңдарға тез арада өзгерістер енгізу үстінде. Біздің ел де үш жылдық бюджетке түзетулер енгізді. Үкімет бірқатар заң жобаларын әзірлеп, Мәжілістің қарауына берді. Жуырда Мәжіліс еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне жұмыспен қамту және міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы наурыздың 6-ғы «Дағдарыс арқылы жаңаруға және дамуға» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында дайындалған. Заң жобасы халықтың өнімді жұмыспен қамтылуын дамытуға, жұмыссыздық деңгейін азайту үшін жағдай жасауға, жұмыссыздарды және жұмыс уақытының толық емес режімінде жұмыс істейтін қызметкерлерді әлеуметтік қолдауға, сондай-ақ 2009-2010 жылдар кезеңінде жұмысынан айрылған азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған. Заң жобаларын талқылау барысында экономиканы ілгері бастырудың заңнамалық тетіктері туралы біздің комитет те өз ұсыныстарын беріп келеді. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау мақсатындағы заңдар жетілдірілуде. Қазіргі уақытта «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Аталған заң жобасының негізі 6-шы наурыздағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасының Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес әзірленген. Ол дағдарыстан кейінгі орнықты даму үшін жағдайлар жасау арқылы қосымша жұмыс орындарын құра отырып, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл да дағдарысқа қарсы шаралардың бірі болып саналады. Алдағы уақытта қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу арқылы экономикамыздың қозғаушы күші болып табылатын өндіріс орындарын, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдайтын заң актілерін қабылдап, осы саладағы заңнамалық базаны жетілдіре түсу қажет деп есептеймін.

- Бүгінгі таңда үлкен қалалардың жағдайы қалыпты деуге болады. Біздің мемлекет ауылдар мен аудандардың жағдайын жақсарту үшін және бюджет қаражатына қарап отырған кейбір шағын қалалардың тұрмыс деңгейін көтеру үшін қандай бағдарламаларды жүзеге асырғаны дұрыс? Осы мәселеге қатысты Сіздің қандай ұсыныстарыңыз бар?

  

  - Ауыл мен ауылдық жерлерді дамыту - үнемі мемлекеттік саясаттың назарында болып келе жатқан мәселе. Дағдарыс алаңдатып тұрған қазіргі шақта да ол кейінге қалдырылған жоқ. Үш жылдық бюджет жоспарында бірқатар мәселелер кейінге шегерілді. Алайда, әлеуметтік салаға бағытталған қаржы мен елді мекендерді дамытуға және аудандар мен ауылдардың экономикасының жақсаруына тікелей әсер ететін автокөлік жолдарын салуға арналған бағдарламалар сол күйінде толықтай сақталды. Елбасы биылғы Жолдауында жұмыссыздықтың деңгейі артпауы үшін және халықты жұмыспен қамту мақсатында мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы қарастыру қажеттігін айтты. Мамандарды қайта даярлауға 140 млрд теңге қарастырылды. Соның нәтижесінде 350 мың қазақстандық жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ құрылысы басталған мектеп, аурухана, балабақша нысандарын толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қаржы тапшылығы кезінде бұл да айтуға тұрарлық іс. Бұл нысандарды салуға да көптеген ауыл азаматтары тартылып отыр. Елбасы дағдарысты тиімді пайдаланып, ішкі мәселелерді шешіп алатын кез келгенін айтты. Менің айтарым, осы қарқынды түсіріп алмай, елді мекендерді дамытсақ, ауылдардың ажары арта түсері анық. Ауылдарды дамыту мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Оған ел Президенті ақпанның 9-да қол қойды. Осы заңға сәйкес ауылдарды басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі. Аудандық әкімшілік пен мәслихаттың мәртебесі күшейтілді. Оларға жергілікті жерге не қажет болса, соны өздері шеше алатындай құқық беріліп отыр. Қазір елімізге шетелдіктер де көп келеді. «Сырт көз - сыншы» дегендей, бейнетаспаға түсіретіндер де аз емес. Сондай кезде біздің қалаларымыз көріксіз, ауылдарымыз ажарсыз болып жатса, елдігімізге сын болмақ. Біздің қалаларымыз да, ауылдарымыз да ХХІ ғасырға лайықты сәулетті болғаны дұрыс.

 - Депутат - халық пен билік арасындағы байланысты орнатушы. Әріптестеріңіз ел ішіне бұрын жиі барушы ма еді, әлде қазір көбірек шығып жүр ме? Бұрын нақты бір өңірден сайландыңыздар, осы жолы партиялық тізіммен өттіңіздер. Өзіңіз халықпен жиі кездесіп тұрасыз ба?

  

  - Соңғы жылдары сайлаушылармен кездесу мерзімінің қатары ұлғайтылды. Бұрын бір өңірден сайланған кезде әр депутат өз еркінше кездесулерге баратын еді. Ал қазір «Нұр Отан» партиясының белгілеген тізімі бойынша өңірлерді аралайды, жиналған жұртшылық алдында сөз сөйлеп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Оның сыртында «Нұр Отан» ХДП-ның филиалдарында қоғамдық қабылдаулар өткізеді. Мұндай арнайы қабылдаулар бұрын болған жоқ. Және де қазір депутаттар жылына бірнеше рет кездесулерге шығады. Депутаттың партиялық тізіммен сайлануы халық қалаулысының жауапкершілігін арттыра түседі. Әріптестерім Елбасы Жолдауын насихаттап, түсіндіру мақсатында наурыз, сәуір айларында еліміздің барлық өңірлеріне шықты. Депутаттың үнемі бір аймаққа бара беруі де жөн болмайтын шығар. Осы орайда халық қалаулыларын басқа өңірлерге жіберіп алу тәжірибесі де оң нәтиже беруде. Меніңше, қазір депутаттар халықпен жиі кездеседі. Өзім де тұрғындардың ортасында жиі болып, олардың айтқан ой-пікірлеріне назар аударып, заңдарға байланысты берген ұсыныстарын әріптестеріме жеткіземін. Көктемде бір топ депутат болып оңтүстік өңірді аралап келдік. Бір ерекше айта кетерлік жайт, Елбасының биылғы Жолдауы әрбір Қазақстан азаматының өмірге деген сенімін арттырды. Бүгінгідей сындарлы уақытта Елбасы мемлекеттің болашақ даму жолын нақты көрсетіп, басым бағыттарды айқын белгілеп берді. Жолдау айтарлықтай күрделі жағдайдан мемлекеттің қалай шығатыны жөнінде жинақталып қалған барлық сұрақтарға нақты жауап берді. Осы бір қиын сәттерде өзіне жауапкершілік жүктеу қабілетін танытқан Н.Ә. Назарбаев ұлттың шынайы көшбасшысы екенін көрсетті. Сонымен қатар Жолдауда айтылған салмақты ой-толғамның бірі - халықтың ауызбіршілігі. Елбасы «Дағдарыс келеді, кетеді, ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады» дегенінен үлкен мағынаны ұғынуға болады. Осындай сын сағатта Қазақстан сияқты іргелі елдің барлық тұрғындары төзімділік танытып, өздерінің күш-қайратын мемлекет мүддесіне жұмылдырғаны абзал.

- Сіз үш тілді, яғни, ана тіліңізді және орыс, ағылшын тілдерін меңгерген адамсыз. Тағы басқа қандай тілдерді білесіз? Кездескен кезде шетелдік әріптестеріңізбен қай тілде сөйлесесіз?

  

- Біздің комитет қызметінің ерекшелігі сол - шетел тілдерін меңгеруді талап етеді. Сондықтан аталған үш тілден бөлек түрік тілін білемін. Іскерлік байланыстар көбіне шет тілінде жүреді. Парламент Мәжілісінің отырыстарында, комитет жиынында, кездесулерде, әрине, ана тілімде сөйлеймін. Соңғы жылдары қазақ тілін жақсы білетін аудармашылар қызмет көрсетеді. Кейбір шетелдік мейманмен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сұхбаттасамын. Шетелдік әріптестеріммен негізінен ағылшын тілінде сұхбаттасамын. Бұл менің осы тілде сөйлеуімді жетілдіре түседі. Бүгінде ағылшын тілін білу ғаламдық ақпарат әлеміне шығуға мүмкіндік береді. Мен жастарға ана тіліңді біл және бір-екі шетел тілін жас кезіңде меңгеріп ал деген кеңес берер едім. Болашаққа ұмтылған жастың шет тілдерін білуі дамыған елдердің әйгілі жоғары оқу орындарында оқуына жол ашады, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде тәжірибе жинақтап қайтуына жағдай жасайды. Ағылшын тілін білу - әлемнің кез келген жерінде жұмыс бабында әріптестік қарым-қатынас орнатудың және кәсіпкерлік қызметті жүргізе білудің алғы шарттарының бірі.

- Көп тіл білгеннің пайдасын көріп жүрсіз бе?

  

  - Қазіргі әлемдік жаһандану кезеңінде азаматтардың бірнеше тіл білуі әрқашан елдер мен халықтардың коммуникациялық және интеграциялық мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Шет тілдерін үйрену адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өзге елдің, халықтың салт-дәстүрін, ұлттық ерекшеліктерін біле түсуге ынталандырады. Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік тілдің дәрежесінде, екі немесе үштен де көп тілді қатар алып жүруі қалыпты жағдай. Былайша айтқанда, қазіргі Еуропада көптілділік қоғамға таңсық емес. Бір тіл білсең, бір ұлттың рухани байлығын игересің. Бірнеше тілді меңгерсең, алуан түрлі халықтың асыл сөздерін, мақал-мәтелдерін үйреніп, ой-санаңды жетілдіре түсесің. Өзге тілдерді білгендігім күнделікті жұмыс барысында шетелдік әріптестердің ойын тез әрі жылдам түсінуге көп септігін тигізіп жүр. Сонымен қатар кез-келген тақырыпта еркін пікір алмасуға, ой бөлісуге, өзімнің идеяларым мен ойларымды сұхбаттасушы адамдарға тікелей жеткізуге, лингвистикалық бәсекеге қабілеттілігімді арттыруға мүмкіндік береді. Лингвистикалық байлық, яғни, тіл білуің дүниетанымыңды ұлғайта түсуге, үнемі соны, тың ізденістерге деген әлеуметтік-психологиялық құштарлығыңды оятады. Өйткені өзі атқарып отырған саланың білгір маманы бола тұрып, бірнеше тілді еркін меңгерген азаматтар мемлекет ішінде де, сондай-ақ, шетелге шыққанда да бәсекеге қабілетті тұлғаға айналуы керек. Мен бір-екі шетел тілін білемін. Ал кейбір шетелдік әріптестерімнің арасында оннан астам тіл білетіндерін кездестіріп жүрмін. Тіл білгенімнің арқасында шетелге іссапармен барғанда, біздің кездесулеріміз туралы сол тілдерде жазылған газет мақалаларын оқи аламын, шетелдік телераналарға назар саласың. Тілдің арқасында көптеген достар табасың. Бұрын одақ құрамында болып келген Қазақстанды терең біле бермейтін шетелдіктер көп-ақ. Өз елдеріне барып кездескенде, ең бастысы, қазақ елі жайлы дұрыс мәліметті жеткізе білу, шетелдіктердің Қазақстанға деген құрметін арттыра білу қажет. Тіл білу - сыйластыққа бастайтын жол.

- Ана тілін білмейтін қандастарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

  

  - Әрбір қазақ үшін ананың сүті мен ананың тілі қастерлі ұғым. Қазақ тілі - әрбір қазақтың жаны, ар-намысы, бүгіні мен келешегі. Мемлекет басшысы да қазақ пен қазақ ана тілінде сөйлесуі қажет екенін айтқан. Жалпы, таяу келешекте мемлекеттік тіл барлық қазақстандықтардың және осы елді мекендеген ұлттар мен ұлыстардың ортақ тілі деңгейіне көтерілуі қажет. Осы мақсатта біраз істер атқарылғаны жөн деп айтар едім. Қазір мектептерде мемлекеттік тіл жүйелі оқытылады. Тіл үйренемін деген адамға мүмкіндік мол. Ынтасы болып, алдына мақсат қойса болғаны. Өзге ұлт өкілдері қазақ тілін білсе, болашақ қызметте де табысқа жетуіне ықпалы зор екенін жақсы түсініп отыр. Қазақ ұлтының ерекшелігі қазақ тілінсіз қалыптаспайтыны белгілі. Кеңес үкіметі дәуірінде барлық ұлт бір тілде сөйлеуі қажет деген желеумен, саяси жүйенің ұстанған бағытымен жүздеген ұлттардың тілдері бірте-бірте шетке шығарыла берді. Мектептер жабылды. Сол кезде ана тілімен сусындай алмай қалған қазақтардың кінәсі жоқ. Ал енді өзіміз ел болғанда, мемлекеттік тілді білуіміз қажет. «Ел үшін не істедім?» дегенді бұрын білмей келген болса, намысқа тырысып, өзінің ана тілін үйреніп алса, осының өзі Қазақстанға жасаған азаматтық қызметі деп айтар едім. «Отанды сүю отбасынан басталады» демекші, мемлекеттік тілді үйренудің іргетасы бала бесікте жатқанда қаланады, отбасында сөйлесуден басталады. Өз кезегінде қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу мемлекеттік тілді үйренудегі таптырмайтын құрал. Әрі сөздік қорыңды дамытады.

- Көкейіңізде көптен бері айтсам деп жүрген қандай ой-пікіріңіз бар?

  

-Мен Оңтүстік Қазақстан облысының аудандары мен елді мекендерінде еңбек ұжымдарымен, іскер топтармен және тұрғындармен өткізген кездесулерде байқағаным, қазір халық нарық экономикасы кезінде өмір сүруге бейімделіп қалған. Олар кездесуде әлемдік қаржы дағдарысының елімізге әсер етіп отырғанына алаңдайтындарын айтты. Алайда, 1990 жылдардағы ішкі дағдарыс, сол кезеңдегі қаржының құнсыздануы, кәсіпорындардың тоқтап, адамдардың жұмыссыз қалуы халыққа ауыр тигенін тілге тиек етті. Тұрғындар ел бірлігінің арқасында қазіргі қиындықтан шығатынымызға сенім артып отырғандарын мәлім етті. Ең бастысы, елдің ертеңін ойлағанымыз абзал. Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы рөлінің артуы, халықтың жағдайы жақсарып, өркениетті елдер қатарына қосылуы - мемлекеттік мақсатымыз. Мен Қазақстанды өзге елдердің құрметпен қарайтын мемлекет болғанын қалаймын. Кино өнері, теледидар елді шетелге тез танытады. Ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүріміздің құндылықтарын көрсететін деректі фильмдерді әлемнің көптеген елдері түсіне білетін ағылшын, француз, неміс, испан, қытай, түрік, орыс және басқа да тілдерге тәржімәлап, елшіліктер арқылы таратылса, ол да Қазақстанның абыройын арттыруға қызмет етер еді. Мәселен, жуырда баспасөзде бүркітшілер туралы фильм түсірілгені жайлы жазылды. Қазақтың ат спорты, оның ішінде бәйге, көкпар, аударыспақ, қыз қуу, сияқты тамаша өнерімізді әлем жұртшылығы түгел білмейді ғой. Қымыз ашыту, қазы айналдыру және басқа өзге елге таңсық ұлттық ерекшеліктеріміз, тағамдарымыз қаншама? Қазақтың тазы иті жайлы бірде-бір фильм жоқ. Халқымыз жеті қазынаның бірі дегенде барлық итті емес, тек тазыны ғана айтқан. Түркістан, Сарайшық сияқты тарихи мекендеріміз де құнды дүниелердің арқауына айналса, шетелдіктерді тамсантар туынды болар еді. Сол секілді көркем әдебиеттерді де шет тілдеріне аударып, Қазақстанды көбірек таныстыруымыз қажет. Еліміздің саяси бағытын, экономикалық жетістіктерін кездесулер арқылы, әр түрлі форумдар аясында шетелдіктерге көбірек насихаттауда біздің комитет маңызды іс-шаралардың өтуіне атсалысып келеді. Келесі жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі шеңберінде елімізді танытуға үлкен мүмкіндіктер ашылып отыр. Сыртқы істер министрілігіне үлкен міндеттер жүктелді. Осы мүмкіндікті жеткілікті пайдалана білсек, ұтарымыз көп болмақ.

 - Рақмет әңгімеңізге.