Көркем гимнастикадан Азия чемпионаты: Қазақстан топтық көпсайыста жүлде алды
АСТАНА. KAZINFORM – Көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының өкілдері Бішкекте (Қырғызстан) өтіп жатқан Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Отандастарымыз топтық көпсайыста үздік үштіктен көрінді. ҚР ҰОК мәліметінше, бұл бағдарламада ел намысын Айзере Нұрмағамбетова, Айзере Кеңес, Кристина Чепульская, Аида Хәкімжанова, Жасмин Жүнісбаева және Мадина Мырзабай қорғады.
Қазақстандық гимнастар жарыс қорытындысы бойынша 52,85 ұпай жинады. Алтын медальді Өзбекстан құрамасы жеңіп алды - 53,95 ұпай. Қытай құрамасы 53,8 ұпаймен күміс жүлдегер атанды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының қоржынында үш медаль бар. Бұған дейін Айбота Ертайқызы жекелей көпсайыста күміс жүлде иеленсе, ұлттық құрама командалық көпсайыста да екінші орын алған болатын.
Айбота Ертайқызы көркем гимнастикадан Азия чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алғанын жазған едік.