Көркем прозадағы мифологияны зерттеуге арналған монография жарық көрді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда «Қазығұрт» баспасынан Алмасбек Мәуленовтің «Қазіргі прозадағы мифтік-аңыздық қолданыс» деп аталатын зерттеу монографиясы жарық көрді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз көбінесе І.Есенберлин, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, О. Бөкеев, С. Жүнісов, М. Сқақбаев, Т. Әлімқұлов шығармаларын басты зерттеу обьекті етіп алдық. Ұлттық прозамызда әрбір суреткер аңыздық прозаның негізгі үрдістерін ұстанғанымен, көркемдік форма табуда өзіндік шеберлігімен, стильдік өзгешелігімен дараланады», дейді А. Мәуленов өз зерттеуінің кіріспесінде. Оның пайымдауынша, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаев, Оралхан Бөкеев, Сәкен Жүнісов сияқты жазушылар өз туындыларында халық арасында кең тараған немесе өздері ойдан шығарған аңыз-мифтерін тұтас оқиға ретінде пайдаланады. Ал Мұхтар Мағауин, Тәкен Әлімқұлов, Марал Сқақбаевтар шығармаларын көбінесе диалог арқылы немесе жалпы халыққа таныс миф-аңыздардан қысқа үзінділер келтіру арқылы байытып отырады. Монографияға пікір жазғандар филология ғылымның докторлары З. Бисенғали мен А.Жақсылықов. Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы, Қоссейіт ауылында дүниеге келген Алмасбек Анықбекұлы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті филология факультетінің 1993 жылғы түлегі. 2000 жылы осы оқу орнының аспирантурасын тәмамдаған ол 2002 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шыққан болатын. 2001 жылдан бері ҚР ҰҚК Академиясында аға оқытушы боп қызмет жасайтын Алмасбек «Елтаным» (2003 жылы) деп аталатын көмекші оқу құралы мен түрлі әдістемелік оқу құралдарының және баспасөз беттерінде жарық көрген көптеген ғылыми-зерттеу мақалаларының авторы.
Соңғы жаңалықтар