Көріктендіру төлқұжаты: Алматыда ғимарат иелері тазалыққа жауапты болады

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен жаңа көріктендіру ережесі аясында қалалық нысандарды төлқұжаттау басталды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

Төлқұжаттау үдерісі үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде магистральды көшелердегі, қалалық маңызы бар аймақтарда және жаяу жүргіншілер кеңістігінде мыңнан астам нысан қамтылады. Екінші кезеңде аудандық маңызы бар көшелерге мән беріледі, ал соңғы кезеңде жергілікті маңызы бар көшелер мен аулаішілік аумақтар қамтылады. Бағдарламаны толық аяқтау 2025 жылдың сәуіріне жоспарланған.

— Төлқұжаттаудың негізгі міндеті — кәсіпкерлерге іргелес аумақтарды көріктендіру бойынша жауапкершілік шегін анықтау. Алматының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, барлығы 5 590 кәсіпкерлік нысанды төлқұжаттау қажет. Қазір мыңға жуық кәсіпкер төлқұжатқа қол қойды. Төлқұжаттау жұмыстары келесі жылдың сәуір айында аяқталады, — деп хабарлады әкімдіктен.

Бизнес жауапкершілігі қандай болмақ?

Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, әрбір бизнес субъектісі көріктендіру төлқұжатын алуға және іргелес аумақты тиісті жағдайда ұстауға міндетті. Атап айтқанда, ғимараттардың және құрылыстардың иелері қасбеттердің уақтылы жөнделуі мен сырлануына, олардың тиісті күтіп ұстау мен пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті. Сондай-ақ қасбеттердегі ескерткіш тақталарды, көше көрсеткіштерін, нөмірлік белгілерді, маңдайшаларды және ақпараттық тақталарды таза әрі жарамды жағдайда ұстауға тиіс.

— Тағы бір маңызды нәрсе — қыс кезінде ғимараттар мен құрылыстардың иелері қар мен мұзды шатырдан тазарту жұмыстары басталғанға дейін тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың иелерін 24 сағат бұрын хабардар етуге міндетті, — деп хабарлады қала әкімдігі.

Көріктендіру жөніндегі талаптардың орындалуын аудан әкімдіктерінің көріктендіру және экология бөлімдері қадағалайды. Ереже бұзған кәсіпкерлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Төлқұжатта субъектінің атауы, мекенжайы, байланыс телефоны, меншік иесінің мәліметтері, ҚТҚ шығару туралы келісім-шарт, қатты жабынның ауданы, көгалдың ауданы, ағаштар мен бұталар саны, шағын сәулет пішіндерінің болуы және бекітілген аумақтың сызбасы көрсетіледі. Төлқұжатқа аудан әкімдігі мен кәсіпкер бірлесіп қол қояды.

Айта кеткен жөн, жаңа көріктендіру ережелеріне сәйкес, бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар концерттер, фестивальдар және жәрмеңкелерден кейін тазалық жұмыстарын жүргізуге міндетті. 

Соңғы жаңалықтар