«Қорқудың қажеті жоқ»: Мобильді аударымдарды тексеру жеке тұлғалардың құқығын таптамай ма

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударым бойынша қалаған уақытында кез келген тұлғаның шотын тексере алмайды.

«Қорқудың қажеті жоқ»: Мобильді аударымдарды тексеру жеке тұлғалардың құқығын таптамай ма
Фото: видеодан алынды

100 аударым өлшемшартынан асқан тұлғалар туралы мағлұмат екінші деңгейлі банктерден келеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.

− Бұл азаматтардың құқығын таптайды деп есептемейміз, біздің мақсатымыз – тек кәсіпкерлік нышанын анықтау. Еліміздің әрбір азаматының өз кірісінен салық төлеуі – азаматтық борышы және міндеті. Өкінішке қарай, бізде салық мәдениеті төмендеу екенін айту керек. Осының салдарынан кірісін көрсетпей, салық төлеуден жалтару әрекеттері өте көп. Біздің мақсатымыз соны анықтау, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.

Егер ол тек жеке тұлға болса, кәсіпкерлікпен айналыспаса, банктен ол туралы ақпарат келмейді. Яғни комитетте әр азаматтың қанша аударым алатыны туралы мәлімет болмайды, тек өлшемшарттан асқан кезде ғана банктер ақпарат береді. 

«Қорқудың қажеті жоқ»: Мобильді аударымдарды тексеру жеке тұлғалардың құқығын таптамай ма
Фото: видеодан алынды

− Екінші деңгейлі банктердің өлшемшарттарға сүйеніп, мәлімет бергені дұрыс. Өйткені банк құпиясы бар, өлшемшарттан асқан кісілердің ғана мәліметі кірістер органдарына берілуі керек деп есептейміз. Мемлекеттік кірістер комитеті қалаған уақытында кез келген тұлғаның шотын тексере алмайды. Автоматтандырылған ақпараттық жүйе барлық ақпаратты өңдейді және өлшемшарттан асқан салық төлеушіге хабарлама жібереді. Хабарламада аударым саны және айналым сомасы көрсетіледі және салық төлеуге 30 жұмыс күні беріледі. Кірісін мойындаған жағдайда азамат тиісті есебін тапсырады және салық төлейді, - деді ол.

Әрине, түрлі техникалық ақауға байланысты мобильді аударым жүргізілуі мүмкін, бұл жағдайда касса аппаратының түбіртегі берілуі керек.

− Яғни бұл жерде тұтынушы құқығы тапталмауы керек. Бізде салық кодексіне сәйкес, әрбір зат сатып алғанда, қызмет алғанда үш түрлі жолмен төлем жүргізе аласыз – қолма-қол ақша, банк картасы арқылы және QR-код арқылы. Кәсіпкерлер осы үш төлем тәсілін қамтамасыз етуі керек. Қолма-қол ақшамен төлегенде де ККН түбіртегі берілуі керек. Бұл салықтандырылып жатқанының бірден-бір белгісі, - деп түсіндірді маман.

Комитет өкілі мобильді аударымдарды бақылаудан қорқудың қажеті жоқ екенін жеткізді.

− Егер сіз кәсіпкерлікпен айналыспасаңыз, қорқатын ештеңе жоқ. Тіпті өлшемшарттан асып кеткен күннің өзінде кәсіпкерлікпен айналыспағаныңыз анық болса, түсінік бересіз. Егер ол салықтандыруға жатпаса, салық салынбайды. Ешкімнің құқығы тапталмайды. Сондықтан Қазақстан азаматтарын мобильді аударымнан қорықпай, қолдау көрсетуге шақырамыз, - деді Е.Көптілеуұлы.

Бұған дейін спикер мобильді аударымдар тек Каспиде емес, барлық банктерде бақыланатынын, кәсіпкерлікте мобильді аударымды пайдалануға болмайтынын түсіндірген еді.

Соңғы жаңалықтар