Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті әлемнің үздік университеттерінің тізіміне енді

2022 жылы Азияның үздік университеттері рейтингінде ТОП-551-600 орын алған университеттің 85 жылдық тарихы бар. 2023 жылы әлемдік позицияға көтеріліп, ТОП-1200-1400 орынды иемденді.
Бүгінде университет 113 бағдарлама бойынша білім береді. 10 мыңнан астам студент білім алып жатқан университетте 10 бірлескен және қос дипломдық бағдарлама, 6 халықаралық және 16 гранттық жоба аясында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүзеге асырылады. Шетелдік оқытушылар мен академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алатын студенттердің саны жылдан-жылға артып келеді.
2022 жылы алғаш рет «500 ғалым» жобасы бойынша 6 оқытушы шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми тәжірибеден өтті (Германия, АҚШ, Ресей, Беларусь), ал 2023 жылдан бастап 14 ғалым Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Ресей, Әзербайжан елдеріндегі жоғары оқу орындарына барып, тәжірибе алмасады. Олар – физика, археология, су ресурстары, жылу энергетикасы және жаңартылатын энергия көздері, құрылыс, шет тілдері, педагогика және психология саласындағы жетекші мамандар.
Университетте жас ғалымдарға грант беру, ғылыми журналдардағы жарияланымдар үшін ынталандыру, жалақыны көтеру, зертханалар мен оқу кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен жаңарту, ғылымда жоғары жетістіктері бар шетелдік мамандарды шақыру қарастырылған.
2023 жылы Қызылорда қаласында ІТ-технологиялар жоғары мектебін ашу мақсатында Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен келісімге қол қойылды.