Көрме қызығы таусылмайды
Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылғанына да бір айға жуық уақыт өтті. Қазіргі таңда көрме алаңында болып, тамсанып үлгерген адамдардың саны мыңдап саналады. Бұл елордамыздың әлем алдындағы абыройын арттырған ең ірі жобалардың бірі.
«ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысатын мемлекеттер кезегімен өздерінің ұлттық күндерін тойлауды бастап кетті. Олардың мәдени іс-шаралар мен қайталанбас шоу өткізуге үлкен мүмкіндіктері бар. Ұлттық күндер бағдарламасына мемлекеттік туды көтеру және мемлекеттік әнұранды орындау, ресми тұлғалардың баяндамаларын тыңдау, суретке түсу, қонақтар кітабына тіркеу секілді рәсімдер енгізілген. Шараның шарықтау шегінде қатысушы-мемлекеттің мәдениеті кеңінен таныстырылады. Атақты әртістердің қатысуымен өтетін мерекелік концерттер өтуде.
Сонымен қатар, негізгі концерт алаңдарында дүние жүзіне әйгілі Дю Солей циркінің қойылымдарын тамашалауға, Луна-саябаққа баруға, этно-қалашықта ұйымдастырылатын қолданбалы өнермен, ұлттық ойындар және әдет-ғұрыппен танысуға, ұлттық дәмнен ауыз тиюге мүмкіндік берілген.
Осылайша, үш айға созылатын шара елордада дүниенің төрт бұрышынан келген ұлттардың мәдениеті тоғысқан кезең ретінде де есте қалатын болады.
Халықаралық көрмеге қатысып жатқан Аустрия өз павильонын 870 шаршы метр жерге орналастырған. Адамдардың өзі іске қосатын павильон техникалық музей іспетті. Энергияны қарапайым тілмен түсіндіру үшін оған түрлі ойын түрлерін де енгізген. «ВWM» сәулетшілері жеңіп алған бұл жоба «Аустриялық қуат машинасы» деп аталады.
Ал француздар павильоны ауданы 1069,1 шаршы метр жерді алып жатыр. Оған «Жасыл» өсім бағытындағы энергетикалық бұрылыс» деген атау беріпті. Онда тақырыпқа байланысты жасыл энергетика саласындағы жетістіктерін көрсетуде. Оның ішінде болашақтың қаласы, жаңартылған энергия және экологиялық көлік түрлерін кеңінен таңдаған.
Көрші Қытай мемлекетіне тиесілі павильонның негізгі тақырыбы - «Болашақ энергиясы. Жасыл жібек жолы». Онда дәстүрлі энергия көздерін жаңғырмалы энергия көздеріне ауыстыру, қоршаған ортаны қорғау сияқты маңызды мәселелерді алға қойған. Мұнда негізінен тауарлардан гөрі электр қуаты мен ядролық энергия саласындағы жаңа технологияларды көрсетуді мақсат еткен.
Қолжетімді энергия көздерінің географиялық және экономикалық ерекшеліктеріне сүйенген мажарлардың павильонына «Болашақ энергиясы бізді біріктіреді» деген ат қойылыпты. Олар келген қонақтарға электр және қала жобалау саласындағы жаңа қондырғыларын таныстырудан еш танар емес.
Немістерге бөлінген павильон ауданы - 1249,5 шаршы метр. Тақырыбы да осал емес: «Энергияға апарар жолда». Осы жерде адамзат өркениетін жолынан жаңылдырмайтын энергия көздерін қайдан табуға және қалай пайдалануға болады деген заңды сұрақтарға кім-кім де жауап таба алады.
Біріккен Араб Әмірліктері «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмеде ел назарына карбоннан жасалатын жоғары технологиялы өнімдерді ұсынады. Мұнай әлемдегі ең маңызды энергия көзі болса да, оның орнын алмастыратын баламалы өнімді іздейтін уақыт келіп жетті. Осыған орай, мұнайлы мемлекет Мұнай және минералды ресурстар министрлігінің атауын Энергетика, өнеркәсіп және минералды ресурстар министрлігі деп өзгертіп те үлгерген.
Ұлыбритания павильоны - көрмедегі ең ірі нысандардың бірі. Оның жалпы аумағы 1,100 шаршы метрді алып жатыр. Танымал британдық сәулетші Асиф Хан павильонды қазақтың киіз үйі пішінінде құрастырған екен. Павильонның тақырыбы - «Біз - энергиямыз». Олар көрмеде озық технологиялар мен жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы инновацияларға басымдық берген.
Қазақстан павильоны ұлттық павильон ретінде 5 мың шаршы метр аумақты қамтып жатыр. Оның өзі «Қазақстанмен танысу» және «Жасампаздық энергиясы» атты екі басты аймаққа бөлінеді. Павильонда Қазақстанның өткені мен болашағы туралы көріністермен, отандық ғалымдардың үздік жобаларымен, Елбасының энергетика және қоршаған ортаны қорғау салаларындағы бастамаларымен, «Жасыл экономиканың» республика аймақтарында жемісті жүзеге асырылған жобалармен танысасыз.