Көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржеке 85 жасқа толды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар жазушы Бексұлтан Нұржеке 85 жасқа толды. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы хабарлады.
Бексұлтан Нұржеке – қазақ прозасының дамуына елеулі үлес қосқан қаламгер. Оның шығармалары ұйғыр, татар, эстон, өзбек, саха тілдеріне аударылған. Орыс тілінде «В ожидании» романы жарық көрсе, ағылшын тілінде «Күтумен кешкен ғұмыр», «Шыңғысхан – қазақ жауынгері», «Кінәлі махаббат» туындылары жеке кітап болып басылып шықты.
Қытайда «Темір қақпан» атты әңгімелері мен повестері жарық көрді. «Бір өкініш, бір үміт» шығармасы түрік тіліне аударылып, кітап болып жарияланды.
Қаламгер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы мен Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.
Алматы облысы мен Панфилов ауданының Құрметті азаматы. «Ай, дүние-ай!» романы үшін 2016 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 2019 жылы «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы берілді.
Қазақстан Жазушылар одағы мерейтой иесін 85 жасымен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тіледі.
Айта кетейік, былтыр Өзбекстандағы қазақ жазушыларының оннан астам кітабы жарық көрді.