Көрнекті ғалым, асыл ұстаз Мейірхан Әбділдиннің артында қалған өшпес мұрасы мәңгі сақталады - Б. Жұмағұлов

АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында профессор, физика ғылымдарының докторы Әбділдин Мейірхан Мүбәракұлын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
None
None

Ғұлама ғалым, ұлағатты ұстазбен қоштасуға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ұжымы бастаған еліміздің білім-ғылым саласындағы мекемелердің қызметкерлері мен оқытушы-профессорлары қатысты. Қаралы жиында ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен Мейірхан Мүбәракұлының туыстары мен замандас достары сөз алды.

Қоштасу рәсімінде академик, ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтанов ғалымның өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталып, ғылым мен білімге, шәкірттерді тәрбиелеуге қосқан сүбелі үлестерін баяндады. «Мейірхан Мүбәракұлы энциклопедиялық білімді ғалым болды. Ол қазақ топырағына бұрын-соңды болмаған физиканың салыстырмалы жалпы теориясы туралы ілімді бүкіл қазақ жұртшылығына таратып, аты мен заты әлемге жайылған ғылыми мектепті қалыптастырды. Ол физикамен қатар, алыс-жақын шетелдің тарихы мен мәдениетін тарқата айтып, тыңдаушысын  таңғалдыратын. Ғалымның ғылымда ізі, артында өшпес мұрасы қалды», - деді ол. 

ҚР Білім және ғылым министрі М.Мүбәракұлы жүрегі кең, көңілі ақ ғұлама ғалым болғандығын атап өтті. «Физик-лирик» деген атау осы ғалымға арналғандай. Ол физика ғылымының дамуына зор үлес қосумен қатар әдебиетке де үлкен ықылас танытты. Ауыз әдебиетін жатқа айтатын. Жаны лирикаға жақын болғандықтан да болар, ғалым ағамыз достыққа адал, ағалыққа берік болатын. Қалжыңы мол, айналасындағыларға мейіріммен қарайтын ғалым болды. Ол жаратылыстану ғылымдарын ғана емес, барлық ғылымды бір-бірімен ұштастыра алатын. Әріптестерінің шын ықылас-ниетіне бөленген ғалым, ұлағатты ұстаз Мейірхан Мүбәракұлының жарқын бейнесі біздің жүрегімізде, шәкіртерінің есінде мәңгі сақталады, - деді Б.Жұмағұлов. 

Ғалымның туған-туыстары мен замандастары да ғалым жайында естеліктер айтты. ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов, Мейірхан Әбділдинді «нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат» деген теңеуге лайық деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар