Король Артур мен Қасиетті Грааль туралы қолжазба 2,7 млн долларға аукционға қойылады
АСТАНА. KAZINFORM — Король Артур, Мерлин және Қасиетті Грааль туралы ортағасырлық сирек қолжазба бірнеше ғасырдан кейін алғаш рет аукционға қойылады, деп хабарлайды CNN.
XIII–XIV ғасырларға жататын бірегей қолжазба шамамен 700 жыл бойы жеке коллекцияда сақталып келген. Енді ол 2,7 миллион долларға сатылуы мүмкін.
Король Артур туралы сирек манускрипт шілде айында Christie’s өткізетін Лондондағы сауданың басты лоты болмақ.
«Клермон-Тоннер Граалі» деген атаумен белгілі бұл қолжазба Король Артур, сиқыршы Мерлин, Дөңгелек үстел рыцарьлары және Қасиетті Граальды іздеу туралы аңыздарға қатысты сақталған ең көне мәтіндердің бірі саналады.
Christie’s мәліметінше, қолжазба шамамен 1290–1310 жылдар аралығында жазылған. Мәтін көне француз тілінде жазылып, еуропалық әдебиет пен мәдениетке зор ықпал еткен Ланселот–Грааль циклінің құрамына кіреді.
Манускрипт пергаментке жазылып, алтын жалатылған өрнектермен безендірілген. Кітапта 126 иллюстрация сақталған. Christie’s сарапшылары бұл қолжазбаны көпшілікке беймәлім жәдігер деп бағалайды. Ол бұрын-соңды кең аудиторияға көрсетілмеген және мамандар тарапынан да толық зерттелмеген.
Қазіргі уақытта осындай қолжазбалардың небәрі үшеуі ғана жеке коллекцияларда сақтаулы. Ал сатылымға шығарылып отырған нұсқа олардың ішіндегі ең көне үлгісі болып есептеледі.
Сарапшылар аукционға музейлер, кітапханалар және жеке коллекционерлер тарапынан үлкен қызығушылық болады деп күтуде.
Christie’s аукционы 8 шілде күні Лондон қаласында өтеді.
Айта кетейік, Эйфель мұнарасының бір бөлігі аукционда 450 мың еуроға сатылды.