Коронавирус: ШҚО әкімдігі зертханалардағы ұзын-сонар кезекті түсіндірді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желілерде Өскемен және Семей қалаларында ПТР-тест тапсырушылардың ұзын-сонар кезекте тұрғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұған қатысты ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус: ШҚО әкімдігі зертханалардағы ұзын-сонар кезекті түсіндірді

Департаметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда аталған мәселе шешіліп, кезек азайған.

«Әлеуметтік желілерде Өскемен және Семей қалаларының тұрғындары зертханаларда ПТР-тест тапсыра алмағандығы туралы ақпарат тарады. 2 қараша күні таңертеңнен бастап сағат 12.00-ге дейін мұндай жағдайдың орын алғаны рас. Алайда тиісті шаралар қолданылғаннан кейін кезек бірден қысқарды», - делінген хабарламада.

3 қарашадан бастап облыстық Репродуктивті медицина орталығы мен «InVitro+» зертханаларында COVID-19-ға сынама алу үшін қосымша пункттер ашылмақ.

«Жалпы өңір бойынша сынамалармен 10 зертхана жұмыс істейді. Онда тәулігіне 7 мыңнан астам зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады. Айта кетейік, осы уақытқа дейін облыста 298 547 зерттеу жүргізілген», - деді ведомство өкілдері.