Коронавирус жұқтырған 350 адамның жағдайы ауыр – министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 20 тамыз таңындағы жағдай бойынша Қазақстанда 16 мыңға жуық адам коронавирустан емін жалғастыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Коронавирус жұқтырған 350 адамның жағдайы ауыр – министрлік

«Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясынан 15 904 адам ем қабылдауды жалғастыруда. Олардың арасында 64 бала бар. Стационарларда 6 942 науқас жатыр. 8 962 адам амбулаториялық жағдайда емделуде.

Жалпы науқастардың арасында 350 адамның жағдайы нашар. Соның ішінде 100 науқастың жағдайы аса ауыр деп бағалануда. 63 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», - делінген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметте.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 тамыз күні Қазақстанда коронавирус инфекциясы 244 адамнан анықталды. Оның ішінде 110 адам - симптомсыз тасымалдаушы. Бір тәулікте індеттен 164 адам жазылып шықты.

Сондай-ақ өткен тәулікте коронавирус инфекциясының белгілері бар пневмония 787 адамнан анықталды. 19 тамыз күні бұл диагноздан 6 қайтыс болды.

Бүгінге дейін коронавирус жалпы 103 815 адамнан анықталды. Оның ішінде 86 450 науқас – жазылды, 1415 науқас – қайтыс болды.