Коронавирустан кейін ағзаны қалпына келтіріп, иммунитет көтеру үшін не істеу керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Коронавирус инфекциясының пандемиясы басталған сәттен бері осы уақытқа дейін елімізде 146 мыңнан астам адам вирус жұқтырып, оның 130 мыңнан астамы сауығып шықты. Бірнеше мың адам бүгінде ем алып жатса, мыңдаған азаматымыздан көз жазып қалғанымыз тағы бар.
Ал вирус жұқтырған адамдардың кейбірінің жазылып шыққаннан кейін де қалыпты өмірге оралуы ауыр соғатындығын дәрігер мамандар айтып та жатыр. Осыған орай коронавирустан кейін ағзаны қалай қалыпқа келтіріп, иммунитетті көтеруге болатындығы жайлы дәрігерлердің пікірлеріне құлақ түрсек...
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты Жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білім беру департаментінің басшысы, профессор Сәуле Қасенованың айтуынша, COVID-19 жеңіл түріне шалдыққан адам үшін (КТ мәліметтері бойынша өкпе 30%-ға дейін зақымданған) қалпына келтіру 1 айдан 3 айға дейін және көп жағдайда дәрінің көмегінсіз өтуі мүмкін. Ал аурудың орта дәрежесінде, яғни өкпе 30-дан 50%-ға дейін зақымданған жағдайда, оңалту 6 айға дейін жалғасуы ықтимал. КВИ-дің 3-ші деңгейімен ауырғанда өкпе 50-ден 75%-ға дейін зақымданады. Бұл жағдайда өкпемен қатар жүрек, бауыр, бүйрек, ми да зақымданады. Сондықтан мұндай пациенттерді стационардан шыққаннан кейін пульмонолог, кардиолог, гастроэнтеролог, нефролог, невропатолог және психотерапевт бақылауға алады. Оңалту шаралары барлық зақымданған ағзалардың қызметін қалпына келтіруді қоса отырып, кешенді өтеді. Бұл шаралар кемінде бір жыл уақытты алады.
«Вирус адамға тыныс алу жолдары арқылы кіреді. Ағзадағы тыныс алу және газ алмасу қызметін өкпе жүзеге асырады. Сырқаттың ауыр болған жағдайларында олар өзінің қызметі мен қанды оттегімен қанықтыру қызметін жоғалтып, функционалдық және құрылымдық өзгерістерге шалдығады. Ауыр ентігу микро- немесе макротромбозға әкеледі. Сондықтан аурудың күрделі түрін емдеу пациенттің күйін, стационар жағдайында тексерудің мәліметтерін күн сайын, кейде тіпті сағат сайын бақылауды талап етеді. Өкпенің жұмысын қалпына келтіру үшін иммундық қабыну мен қанның қоюлануын емдеу қажет. Қалпына келтіру үшін емхана дәрігері немесе бейінді маманның бақылауымен дәрі препараттары тағайындалады», - дейді ғалым.
Ал медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин коронавируспен ауырған жағдайда қорқынышқа бой алдырмай вирустан қорғайтын қажетті шараларды жылдам қабылдап, әрекет ету керектігін айтады.
«Ең бастысы – көп мөлшерде ыстық су ішу керек. Дене қызуын түсіру үшін парацетамол қолданып, төсекте жату керек. Жатқан бөлмені желдетіп, Д дәрумені мен басқа да полидәрумен кешенін ішу керек. Егер дерт пневмонияға ұласып кетсе, дәрігер бактерияға қарсы дәрі-дәрмектер жазып беруі мүмкін. дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмектерді орынсыз қабылдай беруге болмайды», - дейді ол.
Ал Алматығы №11 емхананың педиатр дәрігері, иммунолог Қатия Тәжиеваның айтуынша, адамның иммун жүйесі тұқым қуалайды. Оның 50 пайызы құрсақта, қалған бөлігі өмір салтына байланысты қалыптасады. Адамның иммунитетін сақтауға әсер ететін үштік - бұл дұрыс ұйқы, физикалық белсенділік және дұрыс тамақтану.
«Иммунитетті нығайту үшін дәрумендер мен минералдар қажет. Олардың жетіспеушілігін мультивитаминді кешендердің көмегімен толтыруға болады, бірақ табиғи түрде дәрумендер мен минералдар алған дұрыс. Сонымен қоса әртүрлі шөптердің жапырақтары мен тамырларынан алынатын тұнбалар мен шырындар да бар. Тамыр дәрі (женьщень) тұнбасы, қытай лимоншасы және лимон қосылған көк шәй, итмұрын шырыны өте пайдалы. Пайдаланардан бұрын нұсқауларын оқыңыз, ағзаңызға жақпай қалуы мүмкін, абзалы дәрігерден кеңес алғаныңыз жөн», - деді білікті дәрігер.
Астана медицина университеті профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының доценті Роза Сүлейменова иммунитетті көтеру үшін ақуызы көп тағамдарға мән беру керектігін айтады.
«Оларға тауық, балық, ірі қара, соның ішінде жылқы еті жатады. Осылардың сорпасының құрамында ақуыз көп. Сол себепті бұл тағамдарды міндетті түрде ескерген маңызды. Сонымен қатар, түрлі жаңғақтарды алу керек. Иммунитетті көтеру үшін 30-40 пайызын ақуыздан құрасақ, қалған 50-60 пайызын көкөністер мен жеміс-жидектер арқылы қамтыған дұрыс болады. Жаз айларында алма, алмұрт, банан, құлпынай, қарақат, таңқурай, итмұрынды көбірек алған жөн. Бұлар табиғи өнім болғандықтан, С витаминінің көзі. Атап айтқанда, сұйықтықты көп ішкен абзал. Күніне 3-5 литрге дейін су, компот және морс ішуге болады. Ағзаға С витамині өте қажет», - деді ол.
Аллерголог-иммунолог, педиатр дәрігер, Астана медицина университетінің микробиология, вирусология және иммунология кафедрасының ассистенті Мөлдір Бақтыбаевада
иммунитет атадан-балаға ген арқылы келетіндігін, тумысынан әлсіз иммунитет болса, оны көтеру мүмкін еместігін айтады. Тек берілген иммунитетті нығайтып, ұстап тұруға болатындығына назар аудартады.
«Ең әуелі зиянды әдеттерден аулақ болу, дәруменге бай азық-түлікпен тамақтану, спортпен айналысу, 8 сағаттық ұйқы, стреске бой алдырмау және жақсы ой ойлау. Ағза бір-бірімен тығыз байланысты. Сол себепті стресс, қорқыныш, үрей де иммунитетке кері әсер етеді, осыны ұмытпаған жөн. Негізінен адам ағзасында белгілі бір аурудан кейін антиденелер қалыптасып, екінші ауырған кезде күреседі. Кей вирус, инфекцияларға ағза төтеп бере алады. Адам желшешек, шешек сияқты аурулармен ауырса, иммунитет қалыптасып, екінші рет ауырмайды. Ал COVID-тың ерекшелігі - ағзада антидене қалыптаспауы мүмкін, ауырған науқастар қайта жұқтыруы ықтимал», – дейді Мөлдір Бақтыбаева.