Коррупциядан қалай құтыламыз? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 27 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
*** Бір қараған кісіге нарық экономикасы қымбатшылықтан басқа ештеңе бермейді. Күнкөріс үшін жұрт жаппай несие алып, соңында банктердің бас айналдыратын пайыздары мен өсімақысын төлеуден азап шегіп келеді, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында.
Басылымның атап өтуінше, мұндай заңдылыққа қарамастан, небір арзан бағаларға қол жеткізген елдер көп. Солардың үздік бестігін назарларыңызға ұсынамыз.
1. Парагвай. Жер шарын арзан тауарларымен таңғалдырып, бірінші орында тұр. Егер пәтерде тұратын болсаңыз, айына 150 доллар ғана төлейсіз. Қонақүй бағасы - тәулігіне 5 доллар. Мейрамханада кешкі ас ішу 3-5 долларға түседі.
2. Зимбабве. Африкадағы жұмбақ елдердің бірі. Соған қарамастан, базарларда заттардың бағасын көргендер көздеріне жас алатын көрінеді. Мәселен, 1 литр сүт 0,84 цент, 1 келі сиыр еті 0,60 цент тұрады. Осыдан кейін-ақ кедей елдің базарын бағамдай беріңіз.
3. Аргентина. Бұл елдің қымбатшылықтан арзаншылыққа қалай бет бұрғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Дағдарыстан соң таза былғарыдан тігілген күртеше, әмиян секілді тауарлар АҚШ-тағыдан 50 пайызға арзанға түскен. Киноға кіру билеті 4 доллар тұрады. Баспана сатып алу ешқандай қиындық тудырмайды.
4. Филиппиндер аралы. Такси 2 шақырымға 20 цент, шаш кестіру - 80 цент тұрады. Қонақүйде бір ай тұруға 45 АҚШ долларын төлейсіз. Университетте бір оқу семестрін аяқтауға 250 доллар жеткілікті.
5. Пәкістан. Бұл елде бірқатар киім-кешек адам айтқысыз төмен бағамен сатылады. Бензин немесе мейрамхана бағасы Еуропа елдеріндегі бағамен теңесуі мүмкін. Алайда нағыз керек заттардың арзандығы адамдарды қайран қалдырады. Мысалы, Карачи қаласының орталығында 4 бөлмелі үй 33 мың АҚШ доллары тұрады. Бұл мақала «Арзан бағамен аты шыққандар» деген тақырыппен берілген.
Шетелдік экономистердің тұжырымдауынша, егер мемлекет байып, гүлденгісі келсе, алдымен коррупцияны жоюы керек екен. Коррупция немесе сыбайлас жемқорлық кез келген елде бар, онымен барлық ел күресіп жатыр. Бұл туралы «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Коррупциядан қалай құтыламыз?» деген мақаласына жазып отыр.
Басылымның мәліметінше, коррупцияның аздаған белгілерін барлық елдерден байқауға болады, бірақ олар оған қарсы күресті ешқашан тоқтатпайды. Мысалы, коррупциямен күресті Германия бұдан жүздеген жыл бұрын бастапты. Ол Кайзердің кезінде де, ІІІ рейхтің тұсында да тоқтаған жоқ. Бірақ басқа мемлекеттердегі коррупцияның масштабы біздегіден әлдеқайда төмен. Германия, Финляндия, Швеция, Швейцария сияқты Батыс Еуропаның дамыған елдері сыбайласқан жемқорлықты жеңген деп саналады, бірақ азын-аулақ қалдықтары бар болуы керек. Ал Сингапур, Жапонияда коррупция мүлде жоқ деуге болады. Әлемдік рейтинг бойынша, коррупция толықтай жайлаған Судан, Нигерия, Түркіменстан сияқты елдердің қатарында, ең төменгі сатыларда Қазақстан тұр. Коррупцияға қарсы күрес нәтижелерінің көрсеткіштеріне қарағанда, Қазақстанда сыбайлас жемқорлық жойылудың орнына қанатын кеңге жайып, ұлғайып бара жатқан сияқты. Бүгінде қызметкерлері қазынаның қаржысын қымқырып немесе пара алып ұсталмаған бірде бір сала жоқ. «Қазақстан - 2050» стратегиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Коррупция - бұл құқық бұзушылық қана емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне сенімді жоғалтады және ұлттың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді» деп ашып көрсетті. Еліміздегі бүкіл идеологиялық, білекті күштерді коррупцияға қарсы күреске жұмылдырылу қажеттігін айтты. Халық болып күресуіміз керектігі де айтылып жүр. Бірақ жүйеге айналған жемқорлық жойылмайды екен. Пара алып ұсталғандар туралы хабарды күн сайын естіп жүргендердің өздері мұның немен тынатынын біле тұра тәуекелге барады.
Сыбайлас жемқорлықпен прокуратура, қаржы полициясынан бастап бүкіл құқық қорғау органдары күресіп жатыр. Бірақ тыйылатын түрі жоқ, қайта парамен ұсталғандардың қатары көбейген сайын коррупциялық элементтер түрленіп, сыбайлас жемқорлықтың барлық саланы жайлағанын көреміз. Кейінгі кезде еліміздегі жаппай етек алған коррупцияны толықтай жою үшін пара алушыны ма, жоқ пара берушіні жазалау керек пе, деген сұрақ туындады. Жақында саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов «коррупционерлерді жетінші ұрпағына дейін мемлекеттік қызметке алынбайтындай етіп заңдастыру керек» деген ойын айтты. Бұған қалай қарайсыздар? дейді басылым.
***
Атырауда балық шаруашылығы саласындағы өндірістік кооперативтер балықтың сан алуан түрін негізінен Жайық және Қиғаш өзендерінен аулайды. Алайда, Ресеймен арадағы шекара сызығымен ағып жатқан Қиғаш өзенінен су маржанын сүзетін балықшыларды қиындыққа кезіктіріп отырған бірнеше мәселе бар. Мысалы, Құрманғазы ауданындағы «КаспийБалық» өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Жұмажан Шакуповтың айтуынша, біріншіден, соңғы жылдары балық аулауға берілетін лимит әр балықшыға балық түріне қарай бөлініп беріледі екен. Алайда, балықшылар пікірінше, лимитте көрсетілген балық түрлері бір су қоймасынан ғана ауланбайды. Тіпті, лимитте көрсетілген нормамен аулауға да мүмкіндік бола бермейді. Балықшылар балық аулауға рұқсат етілген билеттерді мерзімі бітіп қалуына орай 300 шақырымдай алыстағы Атырау қаласына 3-4 рет барып, қайтадан жаздырып әкеледі екен.
Осылайша балық аулаудағы бірнеше мәселені айта келіп, мақала авторы ең басты мәселе ретінде Қиғаш өзенінен балық аулау мерзіміне байланыстты туындап отырғанын айтады. Жоғарыда айтқанымыздай, Қиғаш өзені Қазақстан мен Ресейге ортақ шекара сызығының бойымен ағып жатыр. Яғни, бір өзеннің үстінен Қазақстан балықшылары да, Ресей балықшылары да балық аулайды.
Алайда, Қиғаштың бергі беттіндегі қазақстандық балықшыларға балықты 1 мамырдан кейін аулауға рұқсат жоқ. Балық аулау лимитінде дәл осылай көрсетілген. Ал Ресей балықшылары Қиғаш өзенінен балықты 25 мамырға дейін алаңсыз аулай береді. Сонда Қиғаш өзенінің қос жағалауында отырған екі ел балықшыларына берілген лимиттің мерзімі неге екі түрлі? Бұл жерде Қазақстан Үкіметі Қиғаштан балық аулауға берілетін лимит мерзімін белгілегенде нені ескермеді? Ал Ресей өз балықшыларына Қиғаш өзенінен 25 мамырға дейін балық аулауға рұқсатты нендей себеппен беріп отыр?
Шындығында, бір өзеннің қос жағалауындағы екі ел балықшыларының балық аулау мерзіміндегі айырмашылық - 25 күн. Бұл соңғы екі-үш жыл бойы қайталанып келеді. Әрине, бір қарағанда тым көп мерзім болмауы да мүмкін. Бірақ, «Көктемнің әр күні жылға азық» деген қағиданы ұстанатын балықшылар үшін осынау 25 күннің ішінде бірнеше тонна су маржанын сүзіп алуға болатыны ескерілуі қажет. Айтқандай, Қиғаш өзенінен бекіре тұқымдас бағалы балықтар емес, «қара балық» атауына ие болған кәдуілгі жай балықтар ғана ауланады. Өзеннің арғы бетіндегі Ресей балықшылары күн сәулесімен шағылысқан ақ балықтарды судан сүзіп алып жатқанда, бергі беттегі Қазақстан балықшылары оларға телміре қарап отырады. Бір өзендегі табиғи байлықтан Ресей балықшылары мол олжаға кенеліп жатыр. Ал Қазақстан балықшылары одан неге құр қалуы керек?
«Өзен жағалағанның өзегі талмайды», дейді қазақ. Ел Үкіметі Қиғаш өзенінен су маржанын сүзетін 12000-13000 адамның өзегін талдырмау үшін жоғарыда келтірілген дәйектерді ескеруі тиіс. Нақтысын айтқанда, Қиғаш өзенінен биылғы балық аулау мерзімін 25 мамырға дейін ұзар¬туға әлі де мүмкіндік бар. Мақала «Егемен Қазақстан» газетінің «Өзен жағалағанның өзегін талдыруға бола ма?» деген тақырыппен беріліп отыр.
Өткен жылы жазда Қостанай қаласын айналып ағып жатқан Тобыл өзенінің бір иінінен қостанайлықтар мен қала қонақтары демалатын саябақ салынған еді. Оның ашылу салтанаты отшашумен аталып өткен болатын. Бірақ Тобылдың сол жағалауында адамдардың көзін қарықтырып тек от шашу емес, ақша шашу да болған екен. Облыстық қаржы полициясы қызметкерлері «Қостанай қалалық мәдениет және демалыс саябағы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Андрей Толпинскийді тұтқындады. Оған өзінің лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, жалған құжат жасады деген айып тағылып отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» жазады.
Сол саябақтың шала-шарпы аяқталған жұмысына А.Толпинский 21 миллион қаржы жұмсалды деп жалған акт көрсеткен. Осынша қаржы ол басқаратын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның есепшотына аударылып та кеткен. Ал тексере келгенде, саябақтағы атқарылған жұмыстың көлемі 721 мың теңгеден аспаған. Мемлекет 20 миллион теңге зиян шеккен. Қазір іс одан әрі тексерілу үстінде.
Айтпақшы, биыл дәл сондай саябақ Тобылдың оң қапталынан түспек. Онда қанша миллионның суға батарын кім білсін,- дейді автор.