Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлемдерді жинау жүйесі экономикалық жағынан тиімді деуге келмейді-М. Көпеев

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қоршаған ортаны қорғау саласын экономикалық реттеудің негізгі тетіктерінің бірі - қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы жүйесін жетілдірумен және табиғит қорғау шараларын қаржыландырумен байланысты

Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлемдерді жинау жүйесі экономикалық жағынан тиімді деуге келмейді-М. Көпеев

Қазіргі таңда республика бойынша экологиялық төлемдерден жергілікті бюджеттерге айтарлықтай қаражат түскенімен, табиғат қорғау шараларына бөлінген қаражат тиімді пайдаланылмай отыр. Оған себеп - бөлінген қаржыны тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін тетік жоқ. Оның үстіне әр аймақта табиғат қоғау шараларына жұмсалған қаржының мөлшері әрқалай. Соған қарай экология түсімдерінің құны да әр жерде әртүрлі болып отыр. Ал қолданыстағы заңнама бөлінген қаражатты мақсатты пайдалануға әлі де болса, толық ықпал ете алмауда. Осы мәселенің шешімін табамыз ба деген оймен бүгін Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитеті «Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақы қаржысын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырды. Мәжіліс барысында қоршаған ортаға эмиссия үшін алынатын төлемдерді, сонымен қатар табиғат пайдаланушылар мен табиғат қорғау шараларына бөлінген қаражатты пайдалану жөніндегі заңнаманы жетілдіру мәселесі сөз болды.

Басқосуда күн тәртібіне қойылған мәселе төңірегінде сөз сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпейдің айтуынша, 2009 жылға дейін қоршаған ортаға төленетін эмиссиялар көлемі Үкіметтің шешімімен реттеліп келді. Яғни, жыл сайын базалық және шектелген ставкалар белгіленіп, соның негізінде облыстық ставкалардың мөлшері айқындалатын. Ал жаңа Салық кодексінің қабылдануына байланысты 2009 жылы барлық аймақтарға бірдей ставка төлемдері белгіленді. Сондай-ақ жергілікті өкілетті органдардың өкілеттігіне байланысты өзгерістер енгізіліп, қаржы ставкалары 2 есеге артты. Қалдықтар мен ауаны ластайтын заттардың қалдықтары үшін және ілеспе газды жаққаны үшін сондай-ақ табиғи газды факельдерде жаққаны үшін төленетін төлемдер 20 есеге көбейді. Соған қарамастан бұл саладағы реформаларды аяқталды деуге келмейді. «Өйткені біздің осыған дейінгі қолға алған шараларымыздың барлығы тек пайда табуға бағытталды. Оны біз мойындауымыз керек. Оның үстіне бұл шаралар табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, қоршаған ортаның ластануын қысқартуға ықпал ете алмады. Ал экологиялық жағынан зиянды заттармен күреске бөлінетін қаржы мүлдем пайдаланылмайды. Бүгінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес, қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемдер облыстардың бюджеттері мен Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне түседі. Алайда онда қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша атқарылатын шараларды қаржыландыру мәселесі арнайы бөліп көрсетілмейді, ал бөлінген қаржының мөлшері экологиялық төлемдердің деңгейімен сәйкес емес»,-деді Сенат төрағасының орынбасары.

Оның пікірінше, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төленетін төлемдерді жинау жүйесін экономикалық жағынан тиімді деуге келмейді. Өйткені, олар нақты экологиялық міндеттері жүзеге асыруға ықпал ете алмайды. Ал жергілікті атқарушы органдар бюджетті қарау барысында қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешу қажеттігін елеп-ескермейді. Мысалы: 2010 жылы жергілікті атқарушы органдар табиғатты қорғау шараларын қаржыландыруға республика бойынша қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемдерден түскен қаржының 35 пайызын ғана шығындаған. Оның өзі әр аймақта әрқалай. Мысалы, Алматы мен Астанада қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығындар эмиссиядан түскен қаржының 100 пайызын құраса, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан сияқты облыстарда бұл көрсеткіштер 10 пайыздан да аспайды. Бұл аграрлық жағынан дамыған деген аймақтардың өзінде қордаланған экологиялық мәселелердің көптігін көрсетеді. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша бюджетке түсетін түсімдердің мөлшерін нақты көрсетіп отыратын тетік дайындау қажет. Бұл шара бюджетке түскен қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, аталмыш тәсіл аймақтың қоршаған ортаны қорғау саласында қалыптасып отырған өткір деген мәселелерді шешуге ықпал етеді.

Ал Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Руслан Бөлтіріковтің мәлімдеуінше, бүгінгі қолданыстағы заңдар экологиялық төлемдерден түскен қаржыны қоршаған ортаны қорғау саласына жұмсауға мүмкіндік бермей отырғаны рас. Осы себепті Қоршаған ортаны қорғау министрлігі жергілікті бюджеттерді қарау барысында қоршаған ортаны қорғау саласына бөлінетін қаржының мөлшерін анықтаудың арнайы әдісін дайындау қажет деген пікірде. Бұл әдісті қолдануда министрліктің экологиялық проблемаларға қатысты реестрінде көрсетілген мәселелер толық ескерілмек. Бұл шараның қандай жолмен және қалайша жүзеге асырылатындығы министрлік дайындаған, осы уақытта Парламенттің қарауында жатқан құжатта жан-жақты көрсетілген. «Жалпы алғанда біздің қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемдерді тиімді пайдалану бағытындағы шараларымыз өзінің нәтижелерін беріп отыр. Бұл ретте біз, әсіресе, табиғатты пайдаланушы ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаны қорғау бағытындағы шараларына көбірек көңіл бөліп отырмыз. Жалпы қоршаған ортаны қорғау бағытына жұмсалған шығындарды талдау жұмыстары олардың кейінгі уақытта тұрақты өсіп отырғандығын көрсетеді. Мысалы 2007 жылы табиғатты пайдаланушылардың табиғатты қорғауға жұмсаған қаржылары 131 миллиард тегені құраса, 2009 жылы 139 миллиард теңгеге жетті», - деді министрдің орынбасары.

Отырыс барысында ол сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға соңғы үш жылда қоршаған ортаны ластағаны үшін түскен қаржы көлемі айыппұлдар мен түрлі санкциялардың есебінен 83 миллиард теңгеге жетіп отырғандығын атап көрсетті. Ал Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің инвестициялық жобалар бойынша жылдық бюджеті 4 миллиард теңгеден аспайды. «Біз жыл сайын айыппұлдар мен санкцияларды тиімді пайдаланудың есебінен экологиялық жобаларға деген инвестициялар көлемін күрт өзгертуге мүмкіндігіміз бар», - дейді Р.Бөлтіріков.

Сонымен қатар ол отырыста Парламент Мәжілісінің қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мақсат-міндеттері жөнінде де айта кетті. 2020 жылдарға бағытталған стратегиялық жоспарға сәйкес, жасыл көміртегі төмен экономика қалыптастыру көзделген. Сондай-ақ құжат күшіне енсе, болашақта қоршаған ортаны қорғау саласына қыруар инвестиция тартылып, экологиялық мәселелер бойынша талап күшейіп, табиғатты пайдаланушылардың жауапкершіліктері қатая түседі. Сонымен қатар құжат табиғат заңдарын бұзғандарға деген әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікті арттырады, рынок тетіктері арқылы парниктің газдардың атмосфераға тасталу жағдайлары азайып, қалдықтармен байланысты мәселелер шешіледі. Ол үшін әрине, еліміздің Қылмыстық, Әкімшілік құқықбұзушылық, Экологиялық, Салық кодекстеріне, Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау сияқты бірқатар құжаттарға өзгерістер енгізіледі. «Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы құзырлы мемлекеттік органдармен жүргізілген»,-дейді министрлік өкілі.