Қоршаған ортаны қорғау басқармасының бұрынғы басшылары 3 жыл бойы мекемелерге мұнай қалдықтарын төгуге заңсыз рұқсат беріп келген - облыс прокуроры
АҚТАУ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің тергеу департаменті (қаржы полициясы) Маңғыстау облыстық қоршаған қорғаны қорғау басқармасының бұрынғы бастығы Ы. Ноғаев пен оның орынбасары М.Орынбасаровқа қатысты қозғаған қылмыстық істі прокуратураға тапсырды. Қос басшы үш жылдан бері мекемелерге «Қошқар Ата» улы көліне мұнай қалдықтары мен қоқыстарды төгуге заңсыз рұқсат беріп келген,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы облыс прокуроры Серікбай Ерімбетов журналистермен өткізген баспасөз брифингінде хабарлады. Оның айтуынша, осы заңсыз берілген рұқсаттар негізінде мемлекетке 10 миллиард теңгедей шығын келген.
Тергеу материалдары бойынша, сынамалар алынған жерлердегі және судағы мұнай мен мұнай өнімдерінің жіберілуі мүмкін қышқылдығының (ПДК) қалыптан тыс мөлшерде болуы қоршаған ортаға зиян әкеліп отыр. Соның салдарынан, жер қуаңданып, табиғи ресурстар жойылған. Яғни, топырақ қабаты құнарсызданып, шөптер қурап және тірі организмдер құрып кеткен. Оларды қайта қалпына келтіру ұзақ уақытты қажет етеді. Әрі, оған жұмсалатын қаржылай шығындар экономикалық шығынға ұрындырады. Өзен болып аққан мұнай қалдықтарының бүгінгі қараусыз қалуы экологиялық апатты жағдай тудырып, залалсыздандыру қажеттігін тудырып отыр.