18:05, 21 Қаңтар 2009 | GMT +5
Көршілерде банк саласы бізден де ауыр күйде - Kaspi bankтің басқарма төрағасы
АЛМАТЫ. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Көршілердің банк саласындағы жағдайы бізден де ауыр күйде. Мәселен, Қазақстандық банктердің жағдайын 2 мыңға жуық банк жұмыс істеген Ресеймен салыстыру өте қиын.

Бұл пікірді Алматыда БАҚ өкілдерімен кездескен Кaspi bankтің басқарма төрағасы Михайл Ломтадзе айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ломтадзе мырзаның пікірінше, Ресейдегі 2 мыңнан астам банктің көпшілігі түрлі қаржы топтары мен компаниялардың қалтасындағы банктер болатын. Сондықтан олар дағдарысқа дейін де жыл сайын өздігінен қысқарып отырған. Ал қазіргі жағдай олардың тым жылдам жолмен жабылуына әкеп соғып отыр. «Ал Қазақстандық банк жүйесіне келсек, бізде банк саласын күшейтуге байланысты көптеген шаралар 2007 жылдың ортасында қабылданды. Сондықтан қазіргі жағдай банк саласындағы менеджерлер үшін де, реттеуші үшін де, мемлекет үшін де жаңалық емес. Біздің елде бұл бағытта алдын-ала дайындық жасалынып қойған» дейді қаржы маманы. Ол дағдарыстың елдегі банктердің несиелендіруге үлесі мен қаржы сөмкесінің сапасына, сондай-ақ ішкі қаржы ресурстарына деген бәсекелестіктің артуына әсер етіп отырғандығын айтады. «Жалпы алғанда, Қазақстандық банктер қазіргі жағдайға жақсы дайындалғандығын көрсетті. Өздерінің бизнес-үлгісін өзгертті, сыртқы қарыздарын уақытында жабуда. Негізінен Қазақстандық банк саласында дағдарыс бұл бірінші тәжірибе емес, бұл салада дағдарыс 6-7 жылда қайталанып тұрады. Тек әлемдік дағдарыс жағдайына бірінші рет ұрынып отырмыз. Бұл бағытта билік дұрыс қадамдар жасауда. Біріншіден, шағын және орта бизнес пен ипотеканы қолдауға арналған мемлекеттік бағдарлама бар, екіншіден, кепілдік заттарының тізімін ұлғайту мен Ұлттық банк арқылы несие ресурстарын беру қабылданды. Үшіншіден, ресурстарды тікелей банк капиталына беру де қолға алынды. Сондай-а , проблемалық несиелерді сатып алу бағытында стресстік активтер қорын құру идеясы жүзеге асырылып жатыр. Меніңше бұның бәрі тиісті шаралар», деді М.Ломтадзе.