«Көршілер көшті, біз қалдық»: Атырауда апатты үйдің тұрғындары баспана мәселесін шешуді сұрайды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласындағы Александр Стаханов көшесі, 1А мекенжайындағы апатты үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіруді талап етті. Олардың айтуынша, тұрғын үйдің жағдайы жылдан-жылға нашарлап, өмір сүруге қауіпті болып барады.

«Көршілер көшті, біз қалдық»: Атырауда апатты үйдің тұрғындары баспана мәселесін шешуді сұрайды
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Бұл сегіз пәтерлі тұрғын үй шамамен 70 жыл бұрын салынған. Нысан 23 жыл бұрын апатты деп танылғанымен, тұрғындар әлі көшірілмеген. Үйдің қабырғалары сөгіліп, шатыры тесілген, ішкі бөлігі көгерген. Тұрғындар ғимаратта тышқандар көп екенін және санитарлық жағдайдың нашарлағанын айтады.

Кейбір тұрғындар осындай жағдайға байланысты баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Ал алты баланың анасы Эльмира Ділмұханова үйде кішкентай балалармен тұру қиын екенін жеткізді. Оның айтуынша, түнде егеуқұйрықтар шығып, балалардың киімдерін және азық-түлікті бүлдіреді. Сонымен қатар жылу жүйесі жиі жарылып, ыстық су құбырлары бірнеше рет істен шыққан.

Атырау
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Тұрғындардың мәліметінше, көшіру мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді. Юлия Лысактың айтуынша, тұрғындар 2012 жылдан бері түрлі мекемелерден уәде алып келеді.

– Бізге 2012 жылдан бері көшіреміз деп уәде береді. 2024 жылы қала әкімінің қабылдауында болдық. Ол мәселені 2025 жылы шешеміз деді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Құжаттарды екі рет тапсырдық. Бізді «құрылыс компаниясы келеді» деп шығарып салады. Осылай бірнеше жыл өтті, ал көрші үйлер көшірілді. Біз қалып қойдық, - деді Юлия Лысак.

Атырау
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжамал Жолдасованың айтуынша, бұрын тұрғындар мен құрылыс компаниясы арасында келісім болғандықтан, әкімдік араласпаған.

– 2024 жылы тұрғындардың бірі қажетті құжаттарды жинақтады. Үй апатты деп танылғаны туралы қорытынды бар. Қазір жол картасына өзгеріс енгізу жұмыстары жүргізілуде. Осы үйлерді қосып, кейін бұзу мәселесін шешеміз, - деді Гүлжамал Жолдасова.

Ресми мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта Атырау облысында 195 апатты үй есепте тұр. Оның 90-ға жуығы Атырау қаласында орналасқан. Мамандар мұндай үйлердің тұрғындарын кезең-кезеңімен көшіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлады.

Бұған дейін қала орталығында орналасқан апатты деп танылғанына 15 жыл болған үйде адамдар әлі тұрып жатқанын жазған едік.