Кортқа қайта оралған 40 жастағы Галина Воскобоева бастапқы жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, 40 жастағы Галина Воскобоева жұптық сында Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің екінші айналымына жолдама алды.

Г.Воскобоева төрт жылдық үзілістен кейін өткен айда ресейлік Камилла Рахимовамен бірге Вашингтон WTA 500 жарысында бақ сынап, онда алғашқы айналымда америкалықтар Софья Кенин — Кэролайн Доулхайдқа 5:7, 3:6 есебімен есе жіберген еді.
Бұл жолы К.Рахимовамен бірге Монреальда бастапқы кездесуін норвегиялық Улрикке Эйкери — жапониялық Эри Ходзумимен өткізді.
Қазақстандық-ресейлік жұп 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсекеде Воскобоева — Рахимова 2 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыластары 1 эйс, 2 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.
Галина Воскобоева — Камилла Рахимова ширек финалға шығу үшін америкалықтар С. Кенин — К.Доулхайдпен таласады.
Еске сала кетейік, Галина Воскобоеваның тенниске қайта оралғанын жазған болатынбыз.