Қос мұхитты қосатын «ХХІ ғасырдың мегажобасы» - жаңа канал құрылысы басталғалы жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Никарагуалықтардың басты арманына айналған терең әрі кең, осы елдің аумағы арқылы өтіп, Атлант және Тынық мұхиттарды қосатын канал құрылысы басталатын сәт таяп қалды.
Ал әзіргі жалғыз су жолы - Панама каналының жүк көтерімділігі 70 мың тоннаға дейінгі кемелерге ғана есептелген. Оның заманауи мұхитаралық трафиктің қарқынын игеруге қауқары жетпей отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тап қазіргі уақытта мұнда тоннажы жоғары кемелердің өтуі үшін су жолын кеңейтуге бағытталаған жұмыстар күшейтілген қарқында жүргізілуде. «Дегенмен мұның қанағаттанарлық шешімге әкелуі екіталай»,- дейді аузы дуалы сарапшылар. Өйткені 2015 жылы қайта жаңғырту аяқталғаннан кейін тек сыйымдылығы 130 мың тоннадан аспайтын кемелер ғана өткізіледі.
Бүгінгі күні әлемде дедвейті 130 мың тоннадан астам 900 кеменің бар екендігін ескерсек, алып кемелер тұмсықтарын тыға алмайды деген сөз. Ал 2019 жылы Никарагуа каналының іске қосылуына осы бастан қамданып жатқан кеме құрастырушы бірнеше компания олардың санын екі есеге арттырады деген болжам да жасалып отыр.
Ендеше жаңа су жолының қажеттілігі күн санап артып отырған сыңайлы.
Міне осы жағдай кезінде қаржысы қол байлаған Никарагуа билігін қанаттандырып отыр. Айта кетсек, бұл елге құрлықтағы геосаяси жағдай да аз бөгет келтірген жоқ. Өзгелерге тізесін батырып келе жатқан кейбір құрығы ұзын мемлекеттер айтқанға көне бермейтін Никарагуаның бұл бастамасына кедергі келтіріп-ақ бақты. Бұл арада өзара сауда-экономикалық байланыстарын жандандыруға ұмтылған Латын Америкасы және БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республикасы) тобы елдерінің үлкен септігі тигендігін айта кеткен де орынды болар.
Сонымен Никарагуаның жалпы ішкі өнімінен бес есе артық «ХХІ ғасырдың мегажобасы» деп аталып кеткен канал құрылысы 2014 жылғы желтоқсанда басталмақ. Осы су арнасының түпкілікті бағыт-бағдары өткен маусым айында бекітіліп те қойды. Құрылыстың болжамды құны 40 миллиард долларды құрайды.
Бұдан басқа, табиғи жағдайлардың оңтайлы болуы да қарасып тұр. Жер тұрпаты құрылысқа лайық: канал салу жоспарланып отырған аумақта биік қырқалар жоқ және Никарагуа өзенін пайдалану мүмкіндігі бар.
Осындай орасан зор жоба соңғы уақытта әртүрлі шиеленістер мен дағдарыстардан шығудың жолын іздеуден халықаралық қауымдастықтың да назарын аударып отыр. Никарагуа каналының ауқымы орасан. Канал құрылысын жүргізу барысында 2,7 миллиард текше метр топырақ шығарылады деп болжануда, ол бөгеттер мен тоғандар салуға жұмсалады. Ұзақтығы 286 шақырым, ені 60 метр, тереңдігі 22 метр болмақ (салыстыру үшін: Суэц каналының ұзындығы - 172 км, Панама каналының ұзындығы - 82 км).
Бір қызықты жайт, бұл құрылыс Панама каналы бойынша алғаш кеме жүріп өткеніне 100 жыл толған жылы басталғалы отыр.
2006 жылы елге оралған Сандино ұлт азаттық майданының басшысы Даниэль Ортега, қазіргі президент канал құрылысын салу бастамасын өзінің халықаралық қызметінің іргетасы етіп алды. Ортега қашаннан осы каналды салуды және оған никарагуалық ұлттық батыр Аугусто Сесар Сандиноның есімін беруді армандап келеді. Тынық және Атлант мұхиты суларын қосуға және теңіз трафигін айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік беретін бұл жоба шеңберінде темір жол құрылысы жүргізіледі, екі әуежай салынады және мұнай құбыры тартылады. Канал құрылысы барысында миллиондаған никарагуалықтар және шекаралас елдердің тұрғындары жұмыспен қамтылатын болады. Ең бастысы, аз ғана жылдардың ішінде ел экономикасы күрт көтеріліп, халқының әл-ауқаты артпақ. Кезінде Панаманың әлем елдерінің экономикасын ілгерілетуде қайнар көздердің бірі болғаны шындық. Әлі де солай.
Мұның дәлелі ретінде ұзындығы 81,6 шақырымдық Панама каналының Нью-Йорктен Сан-Францискоға дейінгі теңіз жолын 22 500 шақырымнан 9 500 шақырымға дейін қысқартқанын айта кетсек те болады.
Түбі қайырлы, елінің экономикасының қайнар көзі болатын Панама каналына балама су арнасын салу жобасын Никарагуадан басқа Колумбия да қарастырып жатқан көрінеді. Дегенмен кейбір дереккөздердің хабарлауынша, бұл ел басшылығы оны іске асыруға әлі бел шеше қоймаған тәрізді. Шамасы, өз әлеуетін елеп-екшеуде шығар.
Канал құрылысын қытайлық HKND Group компаниясы жүргізетін болады.
2013 жылғы маусым айында Никарагуаның парламенті канал құрылысына арналған жердің 50 жыл мерзімге берілуін ресми түрде мақұлдаған еді. Келісімшартқа сәйкес HKND Group жерді жалға алғаны үшін жылына шамамен 10 миллиард доллар төлейтін болады. Жұмыстың жүргізілуіне 11 жыл болғанда Никарагуа үкіметі HKND 10 пайызын меншігіне алатын болады, ал 100 жылдан кейін компания толығымен ел билігінің меншігіне өтпек. Бұл жайлы әлемдегі БАҚ-тар жарыса жазды.
Никарагуа каналын пайдалануға беру 2019 жылға көзделіп отыр, ал барлық құрылыс жұмыстары 2029 жылға қарай аяқталады деп жоспарлануда.
Өткен аптада «ғасыр жобасына» байланысты тағы бір жаңалық елең еткізді. Латынамерикалық БАҚ-тар Никарагуа билігі Панама каналына балама болады деп күтілетін Никарагуа каналының құрылысын жүргізуді жүз жыл концессияға қытайлық Nicaragua Canal Development Investment Co., Limited ҰК тапсыруға келісім бергендігі туралы хабарлады. Бұл түбі тасқындай құйылатын қаржы көзіне айналатын ғасыр жобасына деген алпауыт компаниялардың өзара таласының бір көрінісі емес пе екен деген де ой туады.
Ерлан Қожакелдиев