Қос тағдырды аман алып қалып, өзі бақилыққа аттанды — әріптестері Ұлдана Мырзуанды еске алды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 10 күннен бері жансақтау бөлімінде жатқан жедел жәрдем фельдшері бақилық болды. 23 жастағы Ұлдана Мырзуан үстіне кірпіш құлаған азаматтарды құтқарамын деп жүрген жерінде басына кондиционер құлаған. Бұған дейін Ұлжан көмекке келген жерде бала да болғаны хабарланған. Бірақ Денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға тек 3 ересек адамның жеткізілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Jibek Joly телеарнасы.

Ұлдана Мырзуан
Фото: видеодан алынған скрин

Марқұмды «жұмысына өте адал еді» деп еске алады әріптестері. 23 жастағы келіншек 5 жылдан бері жедел жәрдем қызметінде науқастарға барынша көмек беріп жүрген фельдшер болған. 8 қарашада, яғни қайғылы оқиға болар күні де қызметтік міндетін атқарып жүрген. Үстіне кірпіш құлаған 2 адамға алғашқы көмек көрсетуге келген. Сол сәтте оның басына төбеден кондиционер құлаған. Сөйтіп, соңғы 10 күн жансақтау бөлімінде жатқан еді. Бірақ бүгін бақилық болып кетті.

— 8 қарашадан бері жансақтау бөлімінде өте ауыр жағдайда болған пациентке барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Алайда, науқас тым ауыр жарақат алғандықтан қайтыс болды, — дейді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ақбаян Арапшаева.

Фельдшердің әріптесі оның жұмысына жауапты маман болғанын айтады.

— Ұлдана — өз ісінің білікті маманы. Ол әрқашан өз ісіне ұқыпты әрі жауапты болды. Жан-жақтағыларға өте мейірімді еді. Адамдармен тез араласып кетеді. Жүрегі жұмсақ, мейірімді адам еді. Ол өзін дәлелдеді осы уақытқа дейін. Қандай маман екенін айналасындағыларға, отбасына дәлелдеген адам, — дейді марқұмның әріптесі Диана Хапбар.

Әріптестері Ұлдананың әрекеті - нағыз кәсіби батырлықтың, қайсарлық пен адамгершіліктің үлгісі екенін айтады. Марқұм 2 апта бұрын ғана тұрмысқа шығып, бақытты сәттерін өткеріп жүріпті. Болашаққа құрған жоспары көп болған.

— Бұл қаза - тек оның туыстары үшін ғана емес, бүкіл медициналық қауымдастық, әріптестері және елорда тұрғындары үшін де зор қайғы. Өзгенің өмірі мен денсаулығын бәрінен жоғары қойған Ұлдана Мырзуанның жарқын бейнесі қайсар да мейірімді жан ретінде біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, — дейді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.

Қос тағдырды аман алып қалып, өзі бақилыққа аттанған Ұлдананың ерлігі мен жарқын бейнесі жүректерде сөнбейтін жарық болып қала бермек.

Бәлкім, көмекке келген фельдшердің басына кондиционердің құлауы оқыс жағдай да шығар. Бірақ көпқабатты үйлердің терезесінен ілінген қондырғылардың дұрыс ілінгенін тексеру қажет-ақ. Әйтпесе, мұндай оқиғалардың қайталанбасына келілдік жоқ.

Бүгін Мемлекет басшысы қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ұлдана Мырзуанды «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.