Көшбасшы келбеті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы дүниежүзілік ауқымда ресми мойындалғаннан кейін-ақ біз жайлы талай-талай пікірлер айтылғанының куәсі болғанбыз.
«Бірі мақтайды, бірі даттайды» дегендей, әйтеуір бұған дейін жалпақ әлемге беймәлім болып келген жұртымыз сол пікірлердің біреуіне марқайса, енді біріне көңілі ортайғандай күй кешкен. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасын бастан кешкен Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі мен тыныштығы бұлыңғыр дегендер де болмай қалған жоқ. Кеңестік алып державаның шикізаттық-аграрлы бір аймағы болып қалыптасқан республиканың экономикасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қиындықтардың қыспағында қалғанда «бәлем, қабілетімізді дұрыстап көрсететін уақыт та келер» деп сол кездерде іштей кіжінетінбіз. Қуаныштысы сол біз аңсаған уақыттың, дәлірек айтсақ, әлемге өзіміздің кім екенімізді көрсететін уақыттың көп күттірмей келгендігі. Бұл, әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген де білімді құрылған ішкі-сыртқы саяси ұстанымдарының жемісі.
Оқырман қолына енді ғана жеткен саяси ғылымдардың кандидаты, профессор, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие істері жөніндегі проректоры Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаевтың «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты ғылыми-зерттеу монографиясын бір деммен оқып шыққанда өткен 25 жылғы жолымызда алдан шыққан сан қиындықты көреміз және ұлт Көшбасшысының кемеңгерлік жетекшілігімен жеңіп шығып, соларды бүгінгідей дәрежеге жеткен еліміз үшін мақтаныш сезіміне бөлендік десек, артық айтқандық емес. Сөзімізді дәлелдеу үшін сол монографиядан алынған мынадай деректерге назар аудартайық: кемелденген социализм тұсында өмір сүрген республиканың 205 селолық ауданынан 71-нің әлеуметтік даму дәрежесі өте төмен, ал осы 71 ауданның 30-ның жағдайы мүлде төзгісіз болыпты. Республика бойынша жаңа туған мың нәрестенің 29,2-сі шетінепті. Бірқатар аудандарда бұл көрсеткіш тіпті әлгіден 2-3 есе жоғары болған. Туберкулезге, вирусты сары ауруға, жұқпалы ішек ауруына шалдығу жоғары деңгейде болыпты. Міне, егемендікті жариялағанға дейінгі Қазақстанның және қазақстандықтардың жағдайы осындай еді.
Ғалымның монографиясындағы осындай деректерді енді дәл сол еңбекте мысал ретінде келтірілген мынадай нақты дәйектермен толықтыра түсейік. Аумағына Ұлыбритания, Франция, ГФР, Испания, Австрия, Голландия және Дания секілді мемлекеттер толығымен сыйып кететін Қазақстанның іргелес шет елдермен шекарасы 12,8 мың шақырымға созылған. Міне, осындай ұлан-ғайыр жерді алған ел жан басына шаққанда мұнай, көмір, темір, хром, марганец, басқа да түсті металл, фосфат кендерінің қоры бойынша әлемдегі ең жоғары орынды иеленеді екен. Вольфрам, мырыш, барит кенінің қоры жағынан дүниежүзі бойынша бірінші орында қорғасын, хром, алтын, күміс, фосфат қорының көлемі жағынан екінші орында, мыс қорынан үшінші орында, марганец, молибден қоры жағынан 4-орында, темір мен қалайыдан жетінші орында екенбіз. Сондай жері бай республика тұрғындарының ұлттық табысы одақтық ортақ көрсеткіштің 4,1 пайызын ғана құрапты. Жалпы, ішкі өнім 4,4 пайыз болыпты. Өнеркәсіп өнімдері 3,6 пайызды құраған. Осыдан-ақ Қазақстанның одақ үшін бар болғаны шикізаттық, азық-түліктік қызмет атқарғандығы көрінеді.
Мемлекет басшысының 2012 жылдың өзінде-ақ халыққа «Қазақстан - 2030» бағдарламасында көздеген меженің көптеген тұстары алынғанын, еліміздің әлемдегі елу алдыңғы қатарлы ел сапына енгенін жариялауы халықты бір көтеріп тастады. Тіпті 2007 жылы басталып, әлі айылын жимай тұрған бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қысымынан талай-талай мықтылар быт-шыты шығып күйреп жатса, біздің Қазақстан көреген кемеңгер басшымыздың терең білімділігінің нәтижесінде жағдайын түзеп, экономиканың бұрын-соңды елімізде болмаған түрлерінен өнім шығарып, экспорттай бастады.
Бұл деректер мен дәйектерді біз «Мәңгілік ел осылайша сомдалған» атты монографиядан алдық. Өміріміздің сан-саласын қамтитын бұл деректер бізді ойландырып қана қойған жоқ, сонымен бірге осынау құнды еңбекті саясаттанушының жазғандығы риза етті. Олай болатын себебі, экономистер тек қана экономика, тарихшылар тарих, заңгерлер заң, әдебиетшілер әдебиет жайлы ғана пікір білдіре алады. Саясаттанушы болса әлгі аталған өмір салаларының барлығын ғылыми екшеуден өткізе отырып, ой түйіндейді. Мінекей, монография оны саясаттанушы ғалымның жазуымен де мәні мен құнын осылайша арттырып тұр. Өйткені мұнда «А-дан Я-ға» дейінгі 25 жылдық ғұмырымыздың сан-саласы тұтастықта, бір кеңістікте, бір уақыт кесіндісінде қарала отырып ой түйінделеді. Кітаптың небір қызықты романдардай тартымды оқылуы да сондықтан шығар.
Автор өз пікірін, өз тұжырымын мейлінше дәл шығаруы үшін әрбір мәселеге қатысты ойын ежелгі заманнан бүгінге дейінгі ғұламалардың айтқандарын екшеп шыққанын бірден байқайсыз. Монография соңындағы «Пайдаланылған әдебиеттер» деген тізімге көз салсаңыз бір осы еңбекті жазып шығу үшін де автор шамамен ең кемі 50 томдай кітап оқып шыққандай. Автор ежелгі грек данышпаны Платонның «Государсво», Аристотельдің «Политика», ежелгі Рим қайраткері Цицеронның «Диалоги, о государстве, о законах», Әбу Насыр әл-Фарабидің «Философиялық трактаттар» еңбегінен бастап, Ш.Монтескье, А.Токвиль, Ж.Руссо, Ж.Миль секілді әлемге әйгілі тұлғалардың адам, қоғам, заң және өркениеттің дамуы жайлы пікірлеріне көңіл аударта сөйлейді. Бәлкім, сондықтан да шығар автор «менің пікірім осы, келіссең де сол, келіспесең де сол» дегендей ұстаныммен емес, аса зор жауапкершілікпен жазған осынау құнды монографиясында Сұлтан Сартаев, Сағындық Сатыбалдин, Тоқмұхамед Садықов, В.Ким, генерал Сағадат Нұрмағанбетов секілді өз салаларының отандық білгірлерінің пікірлеріне сілтеме жасауымен де ұтысқа шыққан. Өйткені жоғарыда аталған ғалымдар мен қайраткерлердің барлығы дерлік егемендікті жариялаған сәттен күні бүгінге дейін Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктері, үзеңгілес достары болғандар. Қысқасы, аталған авторлар өздері араласқан, өздері көзбен көрген істерге әрқайсысы өз еңбектерінде баға берген болса, енді мына саясаттанушы ғалым Жанатбек Ішпекбаевтың жаңа монографиясында солардың айтқандарының бәрі бір жерге топтастырылып, әлем картасында жаңа Қазақстан Республикасының қалай пайда болып, бүгінгідей дәрежеге жеткендігі жан-жақты баяндалады. Автордың ұтымды тұсы да осы.
Қазақстан Республикасын құрушы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы қызметінің бастауындағы ең ұтқан жері ішкі тыныштықты сақтау үшін бар күшті ымырашылдық миссиясына жұмсауында екенін жақсы көрсетіпті. Өйткені естен шықпайтын бір тұс - Кеңес Одағының барлық күші компартия мен КГБ-ның қолында тұрған шақтың өзінде, яғни 1986 жылдың желтоқсанында мемлекет құрушы ұлт жастарының демократиялық шеруге шыға алғандығы. Сондай-ақ Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласы мен барлық облыс орталықтарында жергілікті ұлт өкілдерінің басқа ұлт өкілдерінен аз тұрғандығы. Бір сөзбен айтқанда, осындай кемсітушілікті бастан кешкен ұлт жастары енді егемендік алған шақта басқа ұлт өкілдеріне «қыр көрсетсе» не болмақ?! Ескерте кететін бір тұс бұл кезде жұмыстары тоқтап, далада көше кезуші болғандар саны күн сайын өсіп отыратын. Олардың қандай да бір арандатуға бара алатындығы сөзсіз. Қысқасы, тәуелсіздік осындай бір алмағайып кезеңде жарияланғанда оны баянды ету үшін мемлекет иесі - ұлттың сабырлылығы басты қажеттілік. Н.Назарбаевтың ішкі саясатындағы ұстанымынан осыны байқаған саясаттанушы ғалым мұны ұлт Көшбасшысының кемеңгерлігі санауы орынды-ақ. 130 ұлттың өкілі тұратын еліміздің тәуелсіздігін мәңгілік ету үшін де сабыр мен төзімділік ең бірінші қазақтардың қажеттісі. Сондай-ақ тағдыр талайымен қазақстандық болып қалған басқа ұлт өкілдері де шеттетілмей, керісінше, жаңа жас мемлекетті құру ісінде оны өз Отаны деп сезінуі үшін заңнамалық негіз қажет болды. Осынау толып жатқан жауапты жұмысты ойдағыдай атқаратын ұйымдастырушы құрылымдар қажет. 1992 жылдың 13 желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей нұсқауымен Қазақстан халықтарының алқалы құрылтайы өтеді. Бұл бұл күндері «кіші БҰҰ» атанып кеткен Қазақстан халқы ассамблеясын құрудың негізі болып шығады. Тәуелсіз жаңа мемлекетіміз өзінің тұңғыш Ата заңын қабылдағанда мемлекеттің барлық азаматтарына тең құқық берілуі ішкі тұрақтылықты, татулықты сақтаудың негізі болып қаланды. Отбасында береке болмаса, бірлік болмаса құт қашты дей беріңіз. Осыны жете түсінген ұлт Көшбасшысы осылайша, жаңа, күшті мемлекет болуға талпынған Қазақстан Республикасын құру ісіндегі барлық жетістіктеріне жол ашқандай іс істегенін монография авторы орынды байқаған.
Монография авторының ерекше назар аудартқан тұсы Н.Назарбаевтың әу бастан сыртқы саясаттағы ұстанымы тең құқылы, көптарапты бағыт болғандығы. Шетелдік дуалы ауыздар да кейіннен Н.Назарбаевтың осы екі ұстанымын ескере отырып «Қазақстан жолы - дұрыс жол» дегені есімізде. Осыларды ерекше атап көрсете отырып, монографияда былай делінген екен: «Қасиетті Құран Кәрімнің сүрелерінде Жаратушы жалғыздан «дұрыс жолдан тайдырмауды» өтініп, жалбарынатын жерлерді көптеп кездестіресіз. Шын мәнінде, барлық пенденің тілейтіні осы емес пе?! Ендеше, біз де бұл мақалада адамзаттың сауатты тобы, білімді тобы «дұрыс жол» деп бағалаған дамуымыздың сара да дара жолынан айырмағай деп тілейік». «Қандай тамаша және өміршең тілек! Ұлт Көшбасшысының ішкі-сыртқы саясаттағы осынау ұстанымдары арқылы барлық жетістігіміз мүмкін болды» деп ой қорытқан автордың еңбегінен біз келтірген бұл цитата бүгінгі және келер ұрпақтың есінде мәңгі сақталатын ұлт абызы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» дегеніндей жолмен жүргенімізді айғақтап тұрған жоқ па?! Автор осылайша, абыз арманы бүгінгі өмірімізден орын алғанына өзі қуанады, оқырманын қуантады. Иә, біле-білген адамға өмір сүрудің дұрыс жолы осы. Бұл - Абай көрсеткен жол, бұл - бізге ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев білімділікпен салып берген жол!
Монография ауқымды төрт тараудан тұрады. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім» деп аталатын алғашқы тарауында егемендікке дейін қазақтардың, қазақстандықтардың, Қазақстанның нелерді бастан кешкені баяндалып, бұл түпкі нәтижесінде егемендікке ұмтылдырған қозғаушы күштей болды деп қорытады. Солай екені даусыз да. Осылай бола тұрса да монография авторы тәуелсіздікті жариялаған ұлт Көшбасшысының сол бір кешеден бүгінге дейінгі бүкіл ұстанымы посткеңестік аумақта жаңа жас мемлекеттердің бір-бірімен аралас-құраластығын сақтап қалу болғанын ерекше атап көрсетеді. ТМД және Еуразиялық экономикалық одақ деп аталатын халықаралық құрылымдар Н.Назарбаевтың дәл осы бағытта табандылықпен жұмыс істегенінің дәмді жемісі деп білген автор ұлт Көшбасшысы негізін қалаған бұл игіліктердің бүгінінен келешегі жемістірек, қуаныштырақ болатынына ерекше назар аудартады. Бұл бағыттағы өз ойын монография авторы толық тәуелсіздік мүлде болмайтын іс екендігімен дәлелдейді. Мемлекеттер мен ұлттар бір-бірімен аралас-құраластық жағдайда өмір сүргенінде ғана даму жақсы болғанын тарихи мысалдармен түсіндіреді. Бір-бірінен кетіскендердің өмірі өкінішке айналғанын нақты мысалдармен және дәлелдейді. Демек, Н.Назарбаев ұлт абызы Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиетін бүгінгі өмірде жүзеге асыруға қазағын жұмылдырып жүрген Көшбасшы ретінде бейнеленсе, бұл да ғалым-автордың ұтымды, ғылыми негізді тұжырымдамасы.
Баршаға белгілі Тұңғыш Президентіміз Қазақстан Республикасы деп аталатын биыл егемендігінің 25 жылдығын торқалы тойға айналдырып жатқан жаңа мемлекетті құруды саяси ұстанымдарды ғана емес сонымен бірге мемлекеттік құрылымдарды, экономиканы, әлеуметтік салаларды толығымен реформалаудан бастаған. Біз социализмнен капитализмге «ың-шыңсыз көшудің» жолын дұрыс жасаған ел болып шықтық. Оның да авторы - Н.Назарбаев. Бұрын ауызша ғана «халықтық меншік» деп аталған игіліктердің бәрі жекешелендірілді. Жекешелендіруге «өлара шақта» ақша жинап алған отандастар да, шетелдіктер де қатынасты. Не керек, 1996 жылдың өзінде одақтың ыдырауынан қалыптасқан өндірістік рецессия мен гиперинфляция ауыздықталды. Ал 1997 жылы Н.Назарбаев өзінің ұзақ мерзімге арналған «Қазақстан - 2030» бағдарламасын жариялағаны белгілі. Міне, осылайша, кезінде талайлар күдіктене қараған осынау бағдарламаны жүзеге асырудың әрбір «тағдыр шешер» тұстарына талдау жасаған монографияның кезекті тарауында әлеуметтік дұрысталу мен экономикалық өсім мемлекетті ғылыми негізді дұрыс басқарудың, сондай-ақ ішкі-сыртқы саясаттағы дұрыс ұстанымның жемісі екенін нақты мысалдармен түсіндіру оқырманын риза ететін тұстардың бірі.
Әрбір қиындықпен күрестің өз жолы ғана болатыны даусыз. Өмірдің осынау қағидасына сай Қазақстан Республикасын құрушы Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 жылдық тәуелсіздік тарихымыздың әрбір бұрылыстарында кездескен кедергілерден өтуге қатысты іске қосқан шешімдері де бір-біріне мүлде ұқсамайды. Айталық, әу баста күйзелген халықтың жағдайын түзетіп алу үшін экономиканың шикізат секторына, әсіресе, көмірсутектері мен өндірістік металдар саласына шетелдік инвестор тартып, бюджетті бүтіндеуге көңіл бөлінсе, 2007 жылы Нью-Йорк қор биржасында басталып, төрткіл дүниеге түгел тұмаудай тараған қаржы-экономикалық дағдарыс басталған сәттен-ақ мүлде басқа тұрпаттағы бағдарламаны күн тәртібіне шығарды. «2010-2020 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» осылайша өмірге келген еді. Оқырман байқаған шығар, бастапқы бағдарламада мақсат халықты жұмыспен мейлінше мол қамту үшін шикізат секторына басымдық берілсе, енді мына жаңа бағдарламада индустриялық-инновациялық экономика жасауға ден қойылды. Бағыт сол баяғы, ішкі-сыртқы саяси ұстаным сол баяғы болса да енді айналысатын, мән беретін, шетелдік инвесторларды шақыратын нысандар өзгеріп шыға келді. Бұл бойынша да қыруар жұмыс атқарылды.
Мемлекет басшысының 2012 жылдың өзінде-ақ халыққа «Қазақстан - 2030» бағдарламасында көздеген меженің көптеген тұстары алынғанын, еліміздің әлемдегі елу алдыңғы қатарлы ел сапына енгенін жариялауы халықты бір көтеріп тастады. Тіпті 2007 жылы басталып әлі айылын жимай тұрған бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс қысымынан талай-талай мықтылар быт-шыты шығып күйреп жатса, біздің Қазақстан көреген кемеңгер басшымыздың терең білімділігінің нәтижесінде жағдайын түзеп, экономиканың бұрын-соңды елімізде болмаған түрлерінен өнім шығарып, экспорттай бастады. Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы сәл де төмендеген жоқ. Керісінше, ел қуат жинағандай жағдайда болды. Өйткені осындай бір құқайдың болатынын алдын ала сезгендей Н.Назарбаев Қазақстан халқының орташа кірісін үш жыл ішінде шамамен екі есе көтеруге нұсқау берген болатын. Бұлар орындалып жатты. 2009 жылы қалыптасқан жағдайға байланысты теңгеміз шамамен 25 пайызға құнсызданса, оны халық өз тұрмысында мүлде сезінген де жоқ. Өйткені халықтың бюджеттен алатын міндетті кірісі 2008 жылы 30 пайызға, 2009 жылы 30 пайызға өсіп шыққан еді. Ал 2010 жылы бұл өсім тағы да 30 пайызды құрады. Сөйтіп, табысы екі есе дерлік өскен ел енді Президентіміз өндіріске енгізген жаңа бағдарламаны жүзеге асыруға қуана, құлшына кірісті. Қазақстанның ішкі саясатындағы татулық пен тұрақтылықты, сыртқы саясатындағы көптараптылықты іс жүзінде көріп отырған шетелдік алпауыттар біздің экономикаға инвестиция құюын өсіре, үдете түсті. Инвестицияға кепілдіктің заңдастырылуы, сонымен бірге Елбасымыздың ұйытқы болуымен дәстүрге айналған әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілері құрылтайларының біздің елде дәйекті түрде өтуі Қазақстанды әлемнің ең сенімді әріптес ретінде тануына да жол ашып берді.
Отандық дуалы ауыздар түгілі шетелдік танымал тұлғалардың өздері біздің Көшбасшымызды қазіргі әлемдегі ең дұрыс ұстанымы мен ұсынысы бар танымал қайраткер ретінде бағалайтынын білеміз. Дәл осы тұста монография авторы Н.Назарбаевтың мемлекеттік және посткеңестік аумақтағы тұрақтылықты сақтаудың жанашыры ғана емес, сонымен бірге жалпыадамзаттық дамуға үлес болып қосылатын мәнге ие ұсыныстары жайлы айрықша тоқталған екен. Мемлекеттердің бірінші басшылары арасынан тұңғыш рет Қазақстан Көшбасшысы ғана бүкіләлемдік қаржы институттарын реформалау, доллардың халықаралық валюта қызметін атқаруы адамзат дамуына қолбайлау болып тұруына орай баршаға ортақ жаңа валюта шығару, Африка мен Таяу Шығыста және Азияның әлсіз елдерінде бейбітшілік орнату үшін оларға бітімгершілік әскерлерін жіберіп, күш қолданудан гөрі сол аймақтарға инвестиция құйып, ондағыларға жұмыс тауып беру, бұл үшін әлемдегі алып мемлекеттердің әскери бюджетінен бір пайыз ғана үнемдеуден жұмысты бастау қажеттігі жайлы құнды пікірлерді жалпақ әлемге ұсынған да Н.Назарбаев екенін монография авторы нақты мысалдармен дәлелдейді. Бұл ұсыныстарына дейін Семейдегі ядролық сынақ алаңын толық және түбегейлі жапқан, сондай-ақ әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан Көшбасшысының мұндай құнды ұсыныстары да Елбасымыз бір туған мемлекетінің қамын ойлаушы ғана емес, сонымен бірге жалпыадамзаттық ортақ даму мүддесіне орай қызмет етіп жүрген білімді де, дара қайраткер екенін осылайша, ашып көрсеткен.
Қазақстан Көшбасшысының 25 жылдық қызметіне зер салған адам оның табысқа тоқмейілсуді білмейтін тұлға екенін байқайды. Монография авторы Жанатбек Ішпекбаев та Елбасымыздың осынау ерекше қасиетін нақты мысалдармен дәлелдей отырып түсіндірген екен. Бұл тұста назар аударатын жайт бүкіләлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың «созылмалы сырқатына» тап болғанымызды мемлекет басшылары арасынан бірінші болып көрген де және оған қарсы күрестің ең дұрыс жолын таңдап алған да Н.Назарбаев» дейді автор. Оған ғалымның дәлелі «Қазақстан - 2050» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының қабылдануын нақты мысал ретінде атайды. 25 жылдық іркіліссіз дамуымыздың сырына талдау жасай отырып, оның соңғы кезеңіне ерекше назар аударған ғалым-автор Елбасымыздың нұсқауымен жүзеге асырылып жатқан жаңа бағдарламаларға баға бергенде «саннан сапаға көшу кезеңі басталғанын» ерекше атап көрсетуі орынды.
Біз адамзат қауымдастығы дейтін алып қоғамға жеке мемлекет ретінде жаңадан енген жас мемлекетпіз. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы саяси ұстанымдарымыз бен бүгін тындырған істерімізге байланысты. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасын еліміз үшін аса қиын кезеңде жасаттырып, жүзеге асыруы және оны бұл күндері ерекше мәнмен толықтырып, жалғастыра түсуі Елбасының көреген істерінің бірі ретінде аталғаны автордың ақиқатты дөп басып тани алуы десек, ол артық айтқандық емес. Өйткені экономикасы сапалық мәнге ұмтылып отырған Қазақстан еліміз мүлде естіп-білмеген мамандықтарды меңгеруге тиіс болады. Демек, автордың Н.Назарбаев алдағы уақыт сұранысын күні бұрын көре біліп, соған жан-жақты дайындық жасаған нағыз кемеңгер Көшбасшы десе, бұл да құптайтын ой. Өйткені бұрын болғанмен бүгінгі барды салыстырып қарасақ, Қазақстанымыз танымастай жаңғырған ел екен. «Қазақстан - 2050» стратегиясы мен «Нұрлы жол» бағдарламасына дендеп талдау жасасаңыз, онда еліміздің жаңғыруы, жаңаруы жалғаса беретін үрдіс екеніне көзіңіз жетеді. Президенттік бағдарламалардан осындай тұстарды дөп басып тани білген монография авторы өз ойын былайша қорытындылағанын ғалымның ең ұтымды тұсы ретінде бағаладық. Ғалым-автор Ж.Ішпекпаев былай дейді: «Шығыс философиясында дауылдың болатынын білген білімсіз одан қорғанатын дуал тұрғызады, ал білімді оның қуатын пайдаланатын жел диірмен салады».
Н.Назарбаев іске қосқан бағдарламалар Елбасымыздың дамудың тұтастай 25 жылында дауылдың қуатын пайдаға жарататын жел диірмендер жасаумен айналысқанын көрсетеді. Осылайша, Көшбасшысы көрегендік танытқан елдің болашағы жарқын».
Н.НАРЖАН
«Айқан газеті»