Көшеде аяғын сындырған Петропавл тұрғыны сот арқылы әкімдіктен өтемақы алды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавл тұрғыны көшедегі шұңқырға құлап, аяғын сындырған екен.
Іс Петропавл қаласының №2 сотында қаралды. Талап қоюшының айтуынша, оқиға былтыр тамыз айында қала көшелерінің бірінде болған. Баласын ерткен әйел тротуармен келе жатып, абайсызда жолдың шетіне шығып кеткен. Шөптің астында қалған су толы шұңқырға денесінің оң жағымен құлаған. Қауіпті учаскеде ешқандай ескерту белгілері болмаған екен.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға салдарынан әйелдің табан сүйегі сынған. Сараптама қорытындысына сәйкес, ол орта дәрежедегі дене жарақаты деп танылды.
Жарақат алғаннан кейін әйел ұзақ уақыт емделіп, уақытша еңбекке жарамсыз болған. Сол себепті алдымен сотқа дейінгі тәртіппен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгінеді. Мемлекеттік орган қауіпті шұңқырды көміп тастағанымен, өз кінәсін мойындамай, әйелге моральдық өтемақы төлеуден бас тартқан.
Сот отырысында қалалық инфрақұрылымды қауіпсіз жағдайда ұстап тұру міндеті тиісінше орындалмаған деген қорытынды шығарылды.
Нәтижесінде сот талап қоюшының арызын қанағаттандырып, оның пайдасына моральдық зиян өтемақысы мен сот шығындарын өндіру туралы шешім шығарды. Апелляциялық саты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Бұған дейін Жетісу облысында полиция қызметкеріне қол көтерген тұрғын сотталғанын жазған едік.