Көшеде төбелескен елордалық көлік жүргізушілері бес тәулікке қамалды
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде екі көлік жүргізушінің жол бойында төбелескен видеосы тарады.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары желіден екі ер адамның Тұран даңғылында қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, жолаушыларға қауіп төндірген бейнежазбаны тапты.
— Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен ұсақ бұзақылық жасаған екі құқық бұзушы 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Полиция департаменті жол жанжал шығаратын орын емес екенін ескертеді. Қоғамдық тәртіпке қарсы барлық әрекет жауапкершілік қарастырылған, — делінген хабарламада.
Бірнеше күн бұрын елордада екі жасөспірімнің төбелескені туралы жазған едік. Әлеуметтік желіде екі баланың төбелесінің видеосы тарады. Кәмелетке толмағандардың жанжалын полиция қарап жатыр.