Көші-қон заңнамасының жаңа тұжырымдамасында негізгі үш бағыт қарастырылған - Еңбек министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ҚР көші-қон заңнамасы тұжырымдамасының жобасы таныстырылды.

Көші-қон заңнамасының жаңа тұжырымдамасында негізгі үш бағыт қарастырылған - Еңбек министрлігі

Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаевтың айтуынша, тұжырымдама негізгі үш бағытты қамтиды.

«Біріншісі, ішкі көші-қон бойынша. «Жол картасы 2020» бағдарламасының аясында мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік пакет кеңейтіледі: мемлекет жұмыс күші мол аймақтардан халқының саны тапшы өңірлерге көшіп барған азаматтарды жұмысқа орналастыру және баспанамен (қызметтік пәтер немесе жатақхана) қамтамасыз ету үшін қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, бір реттік субсидия төленеді (бес адамдық отбасыға 190 АЕК көлемінде)», - деп түсіндірді А. Қаржаубаев.

Оның айтуынша, екінші басым бағыт этникалық көші-қонға арналған.

«Тұжырымдама жобасына сәйкес этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына келу жағдайы біріздендіріледі және жеңілдетіледі. Міндетті түрде тұруға ыхтиярхат алған кезде этникалық қазақтарға қоныстанған өңірлеріне қарамастан оралман мәртебесін беру қарастырылған. Шетел азаматтарына қарағанда, этникалық қазақтар тұруға ықтиярхатты көші-қон полициясына жүгініп, төлем қабілеттілігін растамай алады. Оралмандардың ҚР азаматтығын алу мерзімін бір жылға дейін қысқарту көзделеді», - деп атап өтті төраға орынбасары.

А. Қаржаубаевтың айтуынша, тұжырымдамадағы үшінші маңызды бағыт сыртқы көші-қонға арналған.

«Тұжырымдама Қазақстанда жоғары білікті мамандардың ашық нарығын қалыптастырудың бірқатар механизмдерін ұсынады. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі, аграрлық-өнеркәсіптік кешен және геологиялық барлау кәсіпорындарына капитал салатын трансұлттық компаниялар үшін ерікті орын ауыстыру принципі қарастырылған. Сонымен бірге қазақстандық мамандарды жұмысқа алу және оқыту жөніндегі шетелдік инвесторларға қойылатын талап сақталады. Екіншіден, жетіспей жатқан мамандар тізімін, оларға қатысты біліктілік талаптарымен қатар әлеуетті жұмысшыларды балдық сынау жүйесін енгізу ұсынылады. Үшіншіден, Қазақстанның жоғары оқу орындарында дарынды шетелдік студенттер үшін оқу гранты жүйесін енгізу (Сингапур, Малайзия, Ұлыбритания тәжірибесіне сәйкес) және олардың жұмысқа орналастырылуы қарастырылған», - деп атап өтті А. Қаржаубаев.