Көшпенділердің алтыны қайда? - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 6 қараша, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

Көшпенділердің алтыны қайда? - баспасөзге шолу

***

Қазіргі уақытта халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылып, бюрократия азая түсті. Дегенмен, мемлекеттік мекемелерде қағаз жағы әлі де басым. Сондықтан біздің міндетіміз - құжаттардың адамдарға қызмет жасауын қамтамасыз етіп, («қыз­меттік құжаттар» термині де осыдан шыққан), олардың бүрке­мелену мен «қарбалас» қызметтің көрінісіне айналмауына бақылау орнату, деп жазады «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы « Ертеңге құлаш жайған электронды құжат » атты мақалада Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі Мірболат Жақыпов.

Автордың жазуынша, қажетсіз қағаздардан арылу керек. Әдетте, мұндай «құ­жаттар» басшылық алдында есеп беру немесе қағазбен «бүр­ке­мелену», жауапкершіліктен қашу, ештеңе бітірмегені не тап­сы­рылған істі орындай алмағаны үшін сыннан қашу үшін ғана жа­салады. Қажетті ақпарат өз мекемесінің немесе Статистика агенттігінің дерекқорында бола тұрса да, көбінесе қызметкер ­тө­мен­­гі тұрған органдарға сұра­ту жол­­дайды. Бұл орайда осы қа­ғаз­­ды дайын­дауға, келісуге, қарауға, қол қоюға, жеткізуге қаншама ­жұ­­мыс­ уақытының кететіні өкініш­­ті. Мұн­­дай хаттарға жауап бере­тін­­­ адам­ да осындай уақытын ­шы­ғын­дай­ды.

Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев мем­ле­кеттік аппаратта қағаз айналымын түбегейлі қысқарту және электронды құжат айналымына жеделдете көшу міндетін бірнеше мәрте қойды. Президент осындай тапсырмаларды Үкімет басшылығына жеке тапсырмалары түрінде бергені, оны Президент Әкімшілігі ерекше тәртіпте бақылауға алғаны назар аударарлық жайт.

Электронды құжат айналы­мын енгізу Президент Әкімшілі­гін­де қағаздың жұмсалуын 10 есе қысқартты: 2006 жылы (электронды құжат айналымына толық көшкен алғашқы жылы) 24,3 мың кг. болса, 2013 жылы 2,4 мың кг. ғана болды. Ал 2014 жыл­дың 10 айының қорытындысы бойынша Әкімшілікте құжат айналымының жалпы көлемі 260 мың құжатты құрап, оны қосымша 52 пайызға қысқартуға қол жетті (2013 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда). Оның ішінде қызметтік хат-хабар - 22%-ға, элек­тронды хабарламалар 36%-ға қыс­қарды. Бұл - Мемлекет басшысы тапсырмасын орындауда қабыл­данған жүйелі шаралардың нәтижесі, дейді М. Жақыпов.

Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев Түрік Республикасының бұрынғы Президенті Сүлейман Демирелмен оның 90 жылдық мерейтойында кездесіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың оның атына жолданған шынайы құттықтаулары білдірілген хатын табыс етті, деп жазады «Егемен Қазақстан» бүгінгі нөміріндегі «Елбасыны құттықтау хатын табыстады» атты ақпаратта.

Өз хатында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев С.Де­мирелге 90 жылдық мерейтойына байланысты шынайы құттықтауларын жолдаған. Елбасымыз С.Демирелдің қазақ-түрік ынтымақтастығына еліміздің тәуелсіздігі жылдарындағы үлесін жоғары бағалаған. Өз хатында Н.Назарбаев: «Бауырлас Қазақстан мен Түркия халықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бастамаларға қолдау бергеніңізді аса ризашы­­­лықпен атап өткім келеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің арасында орын алып отырған Түрік Республикасының дамуына қосқан үлесіңіз баршаға мәлім», деп атап көрсеткен.

Кездесу барысында С.Де­ми­рел Қазақстан Президенті Н.Назарбаевпен жүздесулерін жылы ықыласпен еске алып, оны өзінің досы және бауыры санайтынын атап өтті. Ол Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа және жалпы Қазақстан халқына шынайы және ізгі тілектері үшін зор ризашылығын білдірді.

***

Аттиланың һәм әкесі Жошы қабырғасын қалаған Алтын орданы қаһарлы империяға айналдыра білген Батудың қазынасы жөнінде де аңыз көп, деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санындағы «Көшпенділердің алтыны қайда?» атты мақалада.

Автордың жазуынша, 451 жылғы 21 маусымындағы атақты Каталаун шайқасында мыз­ғымас Римнің шаңырағы шай­қалды, керегесі сөгілді. Ат­тила жеңіс тойын тойлады. Сол қырғында екі жақтан 160 мың жауынгер майдан даласында қаза тапты. Еуропа құлдық дәуірден азат болды. Бірақ араға бірер жыл салып тағы бір рет Римге шабуыл жасаған Аттила ойда-жоқта қаза­ға ұшырады. Оның қазасы жөнін­де түрлі болжам бар. Оның бәрін жіпке тізіп берудің қажеті шама­лы. Ең бастысы, ұлы қолбасшыны үш қабатты, яғни алтын, күміс және темірден соғылған табытпен жерлеуі. Және ол өзен арнасы­ның табанына жерленген деген аңыз бар. Ол қай өзен? Ешкім нақ­ты айта алмайды. Бірі - Ду­най, екіншісі - Волга дегенді ай­та­ды.

Оның қазынасы өзінен кейін­гі ұлы жиһангер Шыңғыс ханның қазынасынан еш кем болмағаны белгілі. Тарихшылар солай дейді. Өйткені Қара теңізден Римге дейін аралықта жатқан елдерді шапқаннан жинаған бағалы дү­ние-мүлкі аз болмауы тиіс. Оның баға жетпес қазынасы өзі­нің соң­ғы тоқтаған жері әрі рези­ден­циясы болған Бибионе қала­сында деген болжам айтылады. Бұл қала Адриатика теңізінің жаға­сында орналасқан. Бірақ бұл қаланы кейіннен теңіз суы көтеріле келе басып қалғанға ұқсайды. Ол қаланың орнын табу бүгінгі ар­хео­лог-сүңгуірлердің арманы екені белгілі. Өйткені мол бай­лық­тың үстінен түсу бар да, атақ­ты Аттиланың қазынасын тапқан адам ретінде тарихта ену тағы бар, дейді мақала авторы Сейсен Әмірбеков.

Автордың жазуынша, Бату 1243 жылы Еділ сағасынан Сарай қаласын салдырды, бұл қалада алтынмен аптап, күміспен күптелген сән-салтанатты хан сарайы, төңіректің төрт бұрышы­нан келген саудагерлер жинала­тын сауда алаңы болды. Алтын орданың астанасы алғашқы кезде Сарай-Бату қаласында (қазіргі Ас­трахань маңында) орналасты. Кейі­нірек Сарай Беркеге (Еділ бойы­мен Сарай-Батудан жоғары­рақ) көшірілді. Мұның бәрі ресми де­рек. Ал тарих Батудың қазы­насы өте мол болған дегенді кел­тіреді. Бәлкім, рас та болар. Өйт­кені жал­пақ дүниені табанына басқан билеуші, басып алған жер­дегі барлық қазынаны өзі сал­дырған Сарай-Бату шаһарына та­сығаны белгілі. Азия тарихшы­лары «Бату­дың қазынасының көп­тігі сол, ол өзі салдырған ша­һар­ды алтынмен аптады, күміспен күптеді. Жаулап алған жерлерден шеберлер алды­рып, қаланың сән-салтанатын арттыратын сарайлар салдыртты. Сол заманда Сарай-Батудан көр­кем һәм бай қала еш маңда жоқ еді» деп жазады.

Біздің айтпағымыз, сол Бату ханның әлемге аңыз болып тара­ған екі алтыннан құйылған арғы­мағы жөнінде болмақ. Аңызға сүйенетін болсақ, Бату басып ал­ған елдерден жиналған алтыннан екі сәйгүлік сәулетiн құйдырған. Аттың көз­деріне жақұт тастар орнатыл­ған. Сом алтыннан жа­сал­ған бұл екі пырақ Сарай-Бату шаһарына кіреберіс қақпаға қойы­лып, қала­ның сәнін кіргізіп тұрған көрінеді. Батухан дүниеден өткен соң оның орнын басқан Береке хан алтын аттарды өзі орда тіккен Сарай қаласына көшірген. Ол қазіргі Ресейдің Волгоград облысындағы Царев селосының маңы. Бұл ал­тын аттар кейіннен билік тізгінін қолына алған атышулы хан Ма­майдың кезінде жоғалып кеткен. Өйткені Мамай Күлік шайқа­сында жеңіліп, кейін шешінген кезде алтын аттарды алып жүруге мұршасы болмай қал­ған көрінеді-мыс. Кейбір аңыз-әңгімелерде ал­тын­нан құй­ылған аттар Мамай­мен бірге кө­мілген дегенді кел­тіреді. Кім біл­сін? Қысқасы, бү­гін­гі күні алтын атты табуға та­­лаптанған қазына іздеушілер Ленинск қаласының маңында ағып жатқан Ақтөбе (Ахтубы) өзенінің жағалауындағы ескі қорғандарды жиі қазады, дейді автор.

Жерге жайтас жақындап келеді. Оның да аты белгілі болып қалғанға ұқсайды. 2014 UR116 деп аталатын алып тажал егер жерге келіп соғылса, зардабы да зор болмақ, деп жазады «Айқын» газеті.

Басылымның мәліметінше, Ресей астрономдарының зерт­теуіне қарағанда, жерге қаупін төндіріп келе жатқан жайтас Челябі маңайында жарылған алып тастан 20 есе үлкен. Бұл қауіпті Ресейдегі жалғыз робот-телескоп «Мастер» орталығы анықтаған көрінеді. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғалымдары оған «2014 UR116» деген атау берген. Жерге жақындап келе жатқан бұл ғарыштық нысанның көлемі 370 метр шамасында. Бірақ бұл ға­лым­дардың алдын ала болжап отырған қаупі ғана. Алып жайтас жермен соғыса ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз. «Бұл ресейлік «Мастер» орталығының үшінші рет анықтап отырған ғарыштық нысаны. Бұған дейін орталықтың мамандары көлемі 250 және 125 метрлік болатын 2013 SW24 және 2013 UG1 метеоритін анықтаған.

Ал 2013 жылдың ақпанында Челябі маңайына құлаған ғарыштық нысанның салмағы ондаған мың тонна болған. Бірақ оның зардабы да ауыр тиді. Зор соққыдан 7 мың ғимараттың те­резесі қирап, 1,5 мың адам әртүрлі дәрежеде жарақат алғаны белгілі. Сарапшылардың бағалауына қарағанда, оның соққысы 500 келіні құраған. Бұл 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бом­басынан 30 есе көп.