Көшпенділер ойындары: көкпар мен көкбөрі турнирлерінің жеребесі тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Шолпан-Ата қаласында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында өтетін көкбөрі және көкпар турнирлеріне қатысатын командалардың жеребесі тартылды, деп хабарлайды Кабар.
Жеребе қорытындысы бойынша көкбөрі турниріне қатысатынын растаған жеті құрама екі топқа бөлінді:
А тобы: Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Өзбекстан.
В тобы: Мажарстан, Қазақстан, Тәжікстан.
Көкбөрі турнирі 2 қыркүйекте басталады.
Көкпар турниріне қатысатын командалар да жеребе қорытындысы бойынша екі топқа бөлінді:
А тобы: Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Моңғолия.
В тобы: Мажарстан, Қазақстан, Ресей.
Айта кетейік, көкпар турниріне 7 құрама қатысады.
Осыдан бұрын Қазақстаннан 150-ден астам спортшы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып жатқанын жазғанбыз.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқаны хабарланды.
Сондай-ақ 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының талисманы ретінде ілбіс таңдалғаны хабарланған еді. Оған Батай деген есім берілді.
Бірер күн бұрын Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медалін таныстырды.