Көшпенділер ойындарының нәтижесі әділ болды — Тоқаев

АСТАНА. KAZINFORM — VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ұлттық құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шыққаны бәріміз үшін қуанышқа толы жетістік болды. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

32 алтын: Қазақстан Көшпенділер ойындарында жалпыкомандалық есепте топ жарды
Фото: Кабар

— Ең алдымен баршаңызды Көшпенділер ойындарындағы жарқын жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер шын мәнінде тамаша өнер көрсетіп, Қазақстанның ұлттық спорттағы абырой-беделін дүниежүзіне паш еттіңіздер. Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру — нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділетке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер болды. Мен де бұл доданы мұқият бақылап, қарап отырдым, — деді Мемлекет басшысы.

Касым-Жомарт Токаев наградил победителей и призеров VI Всемирных игр кочевников
Фото: Ақорда

Президент бірқатар елдің басшыларымен бірге Бішкекте салынған жаңа стадионда өткен Көшпенділер ойындарының көркем де әсерлі ашылу рәсімін тамашалағанын айтты.

Касым-Жомарт Токаев наградил победителей и призеров VI Всемирных игр кочевников
Фото: Ақорда

— Мемлекет басшылары Қырғызстан Президенті Садыр Нұрғожоұлы Жапаровтың барша меймандарға көрсеткен шынайы қонақжайлығына риза болып, алғысын білдірді. Осындай маңызды жарыста ұлттық құрамамыздың жалпы есепте бірінші орынға шыққаны бәріміз үшін қуанышқа толы жетістік болды. Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі, оның 32-сі — алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі — өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті, сайыс нәтижесі әділ болды. Осыған орай Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Высокий статус Игр кочевников укрепляет общий авторитет — Президент Казахстана
Фото: Ақорда
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жеңімпаздарын марапаттау рәсімі
Фото: Ақорда

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 74 медаль жеңіп алды.