Көшпенділер ойындарының жеңімпазы: Садақ ату спортына келуіме басты себепкер - келінім

АСТАНА. KAZINFORM – Дәстүрлі садақ ату спортымен кез келген жаста айналысуға болады. Бұл туралы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан алтын медаль иегері Аяш Қабдоллаева айтты.

Аяш Қабдоллаева
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

- Садақ атумен айналысып жүргеніме 2 жыл болды. Былтыр Кореяда өткен әлемдік деңгейдегі жарыста 1-орын алған едім. Ал биыл Астанада чемпиондар лигасы деген атаумен өткен іріктеу жарысында екінші орын алып, Көшпенділер ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Сол уақыттан дайындықты бастап кеттік. Қырғызстанға барып та оқу-жаттығу өткіздік. Өйткені, бұл елдің қысқы ауа райы бізден бөлек. Біраз қиындықтан өттік. Алматыда да жаттығу жасадық. Міне нәтижесінде Көшпенділер ойынында жеңімпаз атандым, - деді Аяш Қабдоллаева агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Дәстүрлі садақ ату спортымен айналысқанына небәрі 2 жыл болған спортшы қол қалт еткенде жаттығу жасайтынын айтады.

- Жалпы, үйде үздіксіз жаттығамын. Бір күнімді бос жібермеуге тырысамын уақыт табылса садағымды алып, жарты сағат, 2 сағат дайындала беремін. Соның нәтижесі ғой. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», деген осы, - деді ол.

Аяш Қабдоллаева садақ ату спортына келуіне келіні себепкер болғанын атап өтті.

- Бірінші себепкер келінім – Ажар. Одан кейін жолдасым мен құрама жаттықтырушысы Диас Ахметов ақыл-кеңес беріп отырады. Үш жаттықтырушының арқасында осындай нәтижеге жетіп отырмын. Ал басты қолдаушым – отбасым. Емін-еркін жүруіме, жаттығуыма үлкен көмегін тигізіп отыр. Садақ ату спортымен кез келген жаста айналысуға болады. Жасқа еш шектеу жоқ, спортты жақсы көрсеңіз, спортқа махаббатыңыз оянса, неге айналыспасқа... Алда әлі талай жарыстар бар, соларға қатысып үздік нәтиже көрсету ойда бар. Әзірше спортты тастау ойымда жоқ. Бірақ, немерелер де сабаққа барды. Таңдау жасауға келгенде таразы басы тең болып тұр. Қолдан келгенше бұл спортты тастамауға тырысамын, - деді садақшы.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттады.