Көшпенділер ойыны: Овари қандай ойын, Қазақстаннан ел намысын кімдер қорғайды
АСТАНА. KAZINFORM – 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енген спорт түрінің бірі - Батыс Африка халықтарының зияткерлік ойыны Овари.

Бүгін осы ойын түрінен сайыстар басталады. Осыған орай овари ойыны туралы оқырмандарымызға қысқаша таныстыра кеткенді жөн санап отырмыз.
Овари ойыны Қазақстанда қатты дамымаса да, халықаралық жарыстарда спортшыларымыз жақсы өнер көрсетіп жүр. 2006 жылғы Лондон зияткерлік ойындар олимпиадасында, Канн фестивалінде жүлде алды. Қазақстан құрамасы 2018 жылы Қырғызстанда өткен IIІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында овариден жарқын жеңіске жетті. Овариден ұлттық құраманың үздік спортшылары ел намысын қорғап, екі алтын медаль жеңіп алды. Әсел Далиева мен Диана Кенина командалық есепте алтын медаль алса, әйелдер арасында жекелей есепте Әсел Далиева алтын жүлдеге ие болған еді.
Оны екі адам ойнайды. Ойын тақтасында екі қатарда орналасқан алты бірдей шұңқырша болады, олар бірге 12 кішкентай шұңқыршаларды құрайды, сонымен қатар, ойыншыларда тастарды жинайтын үлкен жинақтаушы сақтау шұңқыршалары болады. Овари ойыны 48 шармен ойналады.
Тақтаның өз жағындағы алты кішкентай шұңқырша ойыншының алаңы, ал қарама-қарсы алты шұңқырша сәйкесінше қарсыластың алаңы болады. Ойыншылар өз қоймасында мүмкіндігінше көп шар жинауға тырысады. Кім көп шар жинаса, сол ойыншы жеңіске жетеді.
Овари ойынынында команда құрамы 2 ер, 2 әйел, 1 бапкерден құралады.
Жарыстар швейцариялық жүйе бойынша жеке және командалық есепте өткізіледі. Турдың саны – 7. Қорытынды ерлер мен әйелдер арасында бөлек жиынтықталады. Әр ойыншыға бір ойынға 20 минут уақыт беріледі.
Жарысты дүниежүзілік «Тоғызқұмалақ» федерациясы «Овари» халықаралық федерациясымен бірлесіп өткізеді.
Овариден ел намысын 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Серік Ақтаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ернұр Мерешев, тоғызқұмалақтан ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Әсел Далиева және тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп қорғайды.