Қосшыда тергеу жұмыстарына жасанды интеллект тартылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қосшы қаласының полиция бөлімінде «AI Тергеушінің көмекшісі» атты пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Жоба ішкі істер органдарының жұмысына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін енгізу мақсатында қолға алынған. Ол «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жүзеге асырылып отыр.
Жаңа бастама сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізілімін жаңғыртуға және қылмыстық істерді тергеу барысында заманауи цифрлық мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануға бағытталған.
Цифрлық көмекші тергеушілердің күнделікті жұмысын автоматтандыру арқылы процестің тиімділігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның негізгі міндеті – зияткерлік қолдау көрсету арқылы қылмыстық процестегі адами факторды азайтып, дәлдік пен жедел әрекетті қамтамасыз ету.
Пилоттық режимде енгізілген жоба алдағы уақытта ІІМ құрылымдарына кеңінен енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, жыл басынан бері 11 мыңнан астам киберқылмыс тіркелді.