Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

«Қостанай дала фестивалі»: агроөнеркәсіптің жаңа мүмкіндіктері таныстырылды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM - Қостанай облысында «Қостанай дала фестивалі» аясында халықаралық «Қазақстанның Дала күні – Jańa Dala / Green Day ’2026» көрмесі ұйымдастырылды. Ауқымды шараға әлемнің 20-дан астам елінен агробизнес өкілдері, ғалымдар, мемлекеттік органдардың басшылары мен ауыл шаруашылығы техникасы нарығының өкілдері бас қосты.

с
Фото: Видеодан алынған скрин

Агрофестивальдің ашылу салтанатында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов бұл шара өңірдің жаңа дәстүріне айналып, Қазақстандағы ең ірі аграрлық көрменің біріне айналуы тиіс екенін атап өтті.

– Бұл фестиваль өңірдің озық дәстүрлерін сақтап қана қоймай, жаңа бастамаларға жол ашады. Біз оны ауыл тұрғындарына да, қала халқы үшін де қызықты, отбасымен келіп демалатын танымал орынға айналдырғымыз келеді, – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, бүгінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына мемлекет бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіп отыр. Биыл Қостанай облысына бұл салаға 275 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі 3,6 есеге артқан. Тек биылдың өзінде өңір шаруашылықтары 799 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Оның шамамен 90 пайызы Қостанайдағы кәсіпорындарды қоса алғанда, отандық зауыттарда шығарылған.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мұндай ауқымды агрофестивальдің Қостанай облысында өтуі заңды екенін айтты. Себебі өңір еліміздегі астық өндіретін басты орталықтардың бірі саналады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялы әрі бәсекеге қабілетті салаға айналдыру міндетін қойып отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы соңғы үш жыл қатарынан тұрақты өсім көрсетті, – деді министр.

Көрмені ұйымдастырушы Әділхан Сағымбаевтың айтуынша, биылғы формат Дала күні жобасының тарихындағы ең ауқымдысы болды.

Фестиваль алғаш рет үш күнге жоспарланып, агротехнологиялар көрмесімен қатар ауқымды мәдени бағдарламаны да қамтитын болады.

Биыл шараға 26 елден келген 150-ге жуық компания ауыл шаруашылығына арналған заманауи техника, жабдықтар мен инновациялық шешімдерін таныстырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – Қазақстанның ауыл шаруашылығының алдағы жылдары қандай бағытта дамитынын көрсету және жастардың аграрлық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру.

Көрменің ең ірі алаңдарының бірі заманауи ауыл шаруашылығы техникасына арналды. Мұнда тракторлар, астық жинайтын комбайндар, өздігінен жүретін бүріккіштер, егіс кешендері, топырақ өңдеу техникалары, агродрондар және агроөнеркәсіпке арналған өзге де технологиялық шешімдер көпшілік назарына ұсынылды. Өз өнімдерін еліміздің және шетелдің жетекші өндірушілері таныстырды.

Қатысушылар қатарында отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасаудағы жетекші кәсіпорындардың бірі – «Агромаш» зауыты да болды. Кәсіпорынның маркетинг бөлімінің басшысы Батыр Оспановтың айтуынша, зауыт трактор, комбайн және аспалы ауыл шаруашылығы техникаларын шығарады. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие мен техника құнының 30 пайызын субсидиялау тетігінің арқасында бұл техникалар шаруалар үшін қолжетімді болып отыр. Көрмеде Lovol тракторлары мен «Есіл» комбайндары ұсынылды.

Шетелдік компаниялар да өздерінің жаңа әзірлемелерін таныстырды. Солардың бірі – Бразилияның Jacto компаниясының GPS-навигация жүйесімен жабдықталған өздігінен жүретін бүріккіші. Компания менеджері Сергей Буяльскийдің айтуынша, техника өңделмей қалған алқаптарды автоматты түрде анықтап, өсімдікті қорғау құралдарының шығынын 10–15 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Фестиваль аясында көрмемен қатар іскерлік кездесулер, білім беру және мәдени іс-шаралар да ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Қостанай дала фестивалі» алдағы уақытта инновацияларды таныстыратын, инвестиция тартатын және еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беретін дәстүрлі халықаралық алаңға айналмақ.

Бұған дейін елімізде тамыз айында бес ірі фестиваль өтетінін жазған едік.