Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қостанай дала фестивалінде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктері көрсетілді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — Қостанай облысының 90 жылдығы аясында «Қостанай дала фестивалі» атты агрофестивалі ұйымдастырылып, «Қазақстандық Дала күні — Jańa Dala / Green Day 2026» халықаралық көрмесі өтті. Көрмеде өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктері таныстырылды.

Құмар Ақсақалов
Фото: Бердіболат Көркембаев

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өкілдерін, техника өндірушілерін, ғалымдар мен мыңдаған қонақтың басын қосқан бұл іс-шараның ауқымы өңірдің айшықты белгісіне айналатын жаңа дәстүрдің бастауы саналады. 

Өңір әкімі мал шаруашылығы саласын дамытуға ерекше тоқталып, оны агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды бағыт ретінде атап өтті.

— «Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында импорттық асыл тұқымды 14,2 мың бас малды сатып алуға жалпы құны 20 млрд теңгелік 21 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Екі жылда өңірде жеті заманауи сүт-тауарлы фермасы іске қосылды, сондай-ақ тағы алтауының құрылысы жалғасып жатыр. Ал биыл тағы үш жаңа жобаны жүзеге асыру басталады, — деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай дала фестивалінде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктер көрсетілді
Фото: Бердіболат Көркембаев

Мал шаруашылығындағы жетістіктер айқын көрініп тұр. Қостанай облысының тоғыз шаруашылығы асыл тұқымды 44 мал басын ұсынып, соның арасында 10 бұқа «Қостанай облысының ең ауыр бұқасы» байқауына қатысты.

Атап айтқанда, Әулиекөл ауданындағы «Москалевское» ЖШС шаруашылығы қазақтың ақбас етті тұқымына жататын бұқаларды алып келді. Олардың кейбірінің салмағы 1200-1300 келіге дейін жетеді.

Қостанай дала фестивалінде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктер көрсетілді
Фото: Бердіболат Көркембаев

— Мұндай көрмелер ауыл шаруашылығы тауарлары өндірушілеріне өз жұмыстарын әлеуетті сатып алушыларға тікелей таныстыруға мүмкіндік береді», — дейді шаруашылық ветеринары Жаслан Сабырбек.

Көрмеде отандық селекция саласындағы жетістіктер мен ғылыми ұйымдардың еңбегіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС егістік алқаптары таныстырылды. Онда аграрлық сала мамандарына Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі климаттық жағдайға бейімделген дәнді дақылдардың жаңа сұрыптары көпшілік назарына ұсынылды.

Атап айтқанда, фестиваль ұйымдастырылған аумақта облыстың аудандары мен қалалары арнайы этноауыл құрып, қонақтарға қазақтың салт-дәстүрімен, қолөнерімен және ұлттық тағамдарымен танысуға мүмкіндік берілді. Балаларға арналған ондаған интерактивті алаңдар жасақталып, шығармашылық алаңдары, мотоцикл құрастыру, танымдық бағдарламалар және отбасылық жарыстар сияқты қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, спорт сүйер қауым дәстүрлі ұлттық ойындарда өз бақтарын сынап көру мүмкіндігіне ие болды.

Қостанай дала фестивалінде өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі жетістіктер көрсетілді
Фото: Бердіболат Көркембаев

Алғаш рет Agro Fashion Week жобасы да агрофестивальдің бір бөлігіне айналды. Қостанай облысының дизайнерлері мен Астананың танымал брендтері подиумда заманауи сән үрдісі мен ұлттық нақышты үйлестіре отырып, өз топтамаларын көпшілік назарына ұсынды.
Мұнымен қоса, жергілікті өндірушінің арнайы жұмыс киімдері де көрсетілді.

Kazakhstan Fashion Week Astana ұйымдастырушысы Фариза Сейілхан аталған жаңа топтаманы таныстыру тұжырымдамасы өңірдің ерекшелігін айшықтау мақсатында арнайы «Jańa Dala / Green Day» іс-шарасы үшін әзірленгенін атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысушыларды құттықтады.