Қостанай облысы әкімінің экс-орынбасарына қатысты істің мән-жайы белгілі болды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Гүлбарам Мұсағазинаға қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтер жария болды.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, аталған істі Қостанай облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті тергеп жатыр.
– Мұсағазинаға қатысты соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ таңдалды, – деп мәлімдеді қадағалау органы.
Прокуратура өкілдері ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Бұған дейін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметі аталған іс бойынша тергеу жүріп жатқанын растаған болатын. Сондай-ақ, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында экс-шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Гүлбарам Мұсағазинаның есімі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы резонансты сыбайлас жемқорлық ісімен байланысты аталып келеді.
Аталған іс аясында Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Жандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев қамауға алынған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, жемқорлық схема медициналық жабдықтарды мемлекеттік сатып алу кезінде жүзеге асқан. Атап айтқанда, медициналық ұйымдар қажетсіз жабдықтарды жоғары бағамен сатып алған.
Прокуратура дерегінше, өңірдің денсаулық сақтау саласындағы келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асқан.
Айта кетейік, Қостанайда 3 млрд теңге субсидия жымқыру ісі бойынша үкім шықты.