Қостанай облысында 16 жастағы жасөспірім ірі көлемде синтетикалық есірткімен ұсталды
ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM — «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері психотроптық заттарды сақтап, таратты деген күдікпен 16 жастағы Теміртау тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім Рудныйдағы қалалық жағажай маңында қолға түсті. Одан ұнтақ тәрізді зат салынған шамамен 80 орам тәркіленді. Кейін Қостанай қаласында жалға алынған пәтерге тінту жүргізіліп, электронды таразылар, жүздеген бос пакет және сату үшін дайындалған 200-ден астам есірткі орамы анықталды.
Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен жарты килограмм болды. Сот-химиялық сараптама оның синтетикалық есірткі екенін көрсетті.
Алдын ала дерек бойынша, жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы қылмысқа тартылған: мессенджерде оған «жоғары табысы бар курьерлік жұмыс» ұсынылып, шын мәнінде есірткіні сақтау және Қостанай облысы аумағына «жасырын қойып шығу» міндеті жүктелген.
Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық топтың ұйымдастырушыларын және сыбайластарын іздестіруде.
Құқық қорғаушылар жасөспірімдерді интернет арқылы арбау есірткі бизнесінің кең таралған тәсіліне айналғанын еске салып, ата-аналарды балалардың бос уақытын және әлеуметтік желідегі белсенділігін мұқият қадағалауға шақырды.
- Жалпы, бүгінгі таңда Қостанай облысында заңсыз айналымнан 5,5 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген, - делінген ақпаратта.
Айта кетейік, Қостанай облысында мал шаруашылығына бөлінген 96 млн теңге субсидия қолды болды.