Қостанай облысында 392 жұмысшыға 711 млн теңге жалақы берешегі анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында жыл басынан бері еңбек инспекторлары еңбек заңнамасының 134 рет бұзылғанын анықтады. Жұмыс берушілер тарапынан еңбек шартын жасамау, жалақыны кешіктіру және қызметкерлер туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізбеу деректері жиі кездескен.
2026 жылдың басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 182 тексеру жүргізген. Салыстырмалы түрде, 2025 жылдың осы кезеңінде 101 тексеру болған. Былтыр 91 заң бұзушылық анықталса, биыл олардың саны 134-ке жетті.
Заң талаптарын бұзған жұмыс берушілерге екі ескерту жасалып, жалпы сомасы 16 млн теңгеден асатын 85 әкімшілік айыппұл салынды. Анықталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі жойылған.
– Жиі кездесетін заң бұзушылықтардың қатарында қызметкерлермен еңбек шарттарын жасамау, жалақы мен басқа да тиісті төлемдерді уақытында немесе толық төлемеу бар, – делінген мәліметте.
Сондай-ақ еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан қызметкерлерді міндетті сақтандыру шарттарының болмауы және еңбек шартын жасау немесе тоқтату туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізбеу жағдайлары анықталған.
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жалақы бойынша берешек. «Языковой центр Grand Luxe» ЖШС 15 қызметкеріне 6,5 млн теңге қарыз болған.
Ал «АБЗ Плюс» ЖШС-де жүргізілген тексеру барысында 2026 жылдың наурыз-шілде айлары аралығында 392 қызметкерге жалпы сомасы 711 млн теңге жалақы берешегі бары анықталған.
2026 жылғы 5 тамызда Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «АБЗ Плюс» ЖШС-не қатысты оңалту рәсімін қолданды.
Департамент жұмыс берушілермен және жеке сот орындаушыларымен бірлесіп, жалақы бойынша берешекті өтеу және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Айта кетейік, Семей орманының 80 қызметкеріне 41 млн теңге жалақы қарызы төленді.