Қостанай облысында 6 мектеп асханасына санитарлық қорытынды неге берілмеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысындағы алты мектептің ас блогына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды әлі алынбаған. Мәселені жаңа оқу жылы басталғанға дейін шешу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ардақ Бегатаровтың айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі 426 мектептің ас блогына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды берілген. Тағы алты білім беру ұйымы қажетті құжаттарды тапсырып қойған.
Олардың қатарында Алтынсарин ауданындағы Лермонтов және Димитров жалпы білім беретін мектептері, Қарасу ауданындағы Қарамырза мектебі, Амангелді ауданындағы М. Мейірманов атындағы және Жалдамин мектептері, сондай-ақ Арқалықтағы Сарыөзен орта мектебі бар.
Аталған мектептердің ас блоктарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны жаңа оқу жылы басталғанға дейін алу жоспарланып отыр.
Қостанай ауданындағы Еңбек ауылындағы мектепте жағдай бөлек. Мұнда мектеп ғимаратына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды жоқ. Мәселені құрылыс басқармасы нысанды пайдалануға беру актісін рәсімдегеннен кейін шешу жоспарланған.
Жалпы, облыстағы 323 мектепте асхана жұмыс істейді, 76 мектепте буфет арқылы тамақтандыру ұйымдастырылған. Ал 33 мектепте оқушыларға тамақ кейтеринг қызметі арқылы беріледі.
Бұған дейін Ақмола облысындағы кейбір мектептердің ас блоктары тиісті рұқсаттың болмауына байланысты жабылған еді.