Қостанай облысында киіктердің көктемгі әуе санағы жүргізілді

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – 2025 жылғы сәуірдің 15-19 арылығында Қостанай облысында киіктердің Бетпақдала популяциясының көктемгі әуе санағы жасалды.

Ақбөкен
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Рустам Бидібаевтың айтуынша, ұшу жұмыстары өңірде түрлі табиғат қорғау және ғылыми ұйым-мекемелердің өкілдерінің қатысуымен жүргізілді.

- Әуеден санақ жүргізу жұмыстарына Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РМК-сы, «Охотзоопром» РМҚК, «Биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» РҚБ, «Алтын дала» мемлекеттік табиғат резерваты, ҚР ҒЖБ Ғылым комитеті «Зоология инстиуты» ШЖҚ РМК, сонымен қатар «DALA AIR» ЖШС-ның мамандары қатысты, - деп хабарлады Рустам Бидібаев.

Жануарлардың санағы AS-350 тікұшағынан жүргізілді. Киіктермен ұшырасу GPS-құрылғысына жазылды.

Қостанай облысында ұшу жұмыстары 22 сағат 47 минутқа созылды. Қазіргі таңда санақ барысында жинақталған мәліметтерге камералдық өңдеу жүргізіліп жатыр. Зерттеу нәтижесі киіктердің санын анықтап, оларды одан әрі де қорғауға бағытталған шараларды жоспарлауға мүмкіндік береді.

Осыған дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев Қазақстандағы киіктер саны 4,1 млн басты құрайтынын жеткізген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар