Қостанай облысында «Көрнекі ақпарат» визуалдық ақпарат мәдениетін дамыту жобасы аяқталды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысында қоғамдық кеңістікте мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және кәсіпкерлік саласындағы визуалдық ақпараттың сапасын арттыруға бағытталған «Көрнекі ақпарат» әлеуметтік жобасы сәтті жүзеге асырылды. Жоба «Sanaly urpaq – 2050» қоғамдық қоры арқылы «Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы» ММ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында қолға алынды. 

Қостанай облысында «Көрнекі ақпарат» визуалдық ақпарат мәдениетін дамыту жобасы аяқталды
Фото: «Саналы ұрпақ – 2050»

Жобаның негізгі бағыттарының бірі – қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес мемлекеттік тілде көрнекі ақпаратты (тақтайшалар, мәзірлер, нұсқағыштар және т.б.) сауатты рәсімдеу бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне әдістемелік қолдау көрсету болды. Осы мақсатта ҮЕҰ өкілдері, қоғам қайраткерлері және тіл саласының мамандарынан құралған мониторингтік топ құрылды. Топ мүшелері нысандарға шығып, ұсыныстар беріп, тілдік рәсімдеу сапасын арттыруға ықпал етті.

«Саналы ұрпақ – 2050»
Фото: «Саналы ұрпақ – 2050»

Сонымен қатар тілдерді қолдану жөніндегі заңнамалық нормаларды түсіндіретін практикалық буклеттер және қызмет көрсету саласына арналған ең қажетті қазақша терминдер мен сөз тіркестері енгізілген ыңғайлы сөйлесу құралы дайындалып, таратылды.

Жоба аясындағы жұмыс өңірдегі 500 шағын және орта бизнес субъектісін қамтыды. Нәтижесінде кәсіпкерлер қазақ тіліндегі көрнекі ақпаратты сауатты әрі эстетикалық талаптарға сай рәсімдеуге кәсіби көмек алды.

«Саналы ұрпақ – 2050»
Фото: «Саналы ұрпақ – 2050»
«Саналы ұрпақ – 2050»
Фото: «Саналы ұрпақ – 2050»

Жобаның қорытынды кезеңінде бизнес өкілдерінің, «Атамекен» ҰКП облыстық филиалының, тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі мемлекеттік органдардың және қоғам өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Онда атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылып, тілдік ортаны дамыту жөніндегі алдағы жоспарлар талқыланды.

«Көрнекі ақпарат» жобасы Қостанай облысында мемлекеттік тілді насихаттауға және тіл мәдениетін арттыруға айтарлықтай үлес қосты.

Соңғы жаңалықтар