Қостанай облысында тұрғын үй саласына қаражат үш есе артты
АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысында тұрғын үй саясатын іске асыруға 2025 жылы бюджеттен 40,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті.
— Үш жыл ішінде өңірде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй саясатын іске асыруға 2025 жылы бюджеттен 40,4 млрд теңге бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 3 есе көп, — деді Қ. Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған «Қостанай жастары» бағдарламасына үш жылда 4,9 млрд теңге бөлінді, соның арқасында жұмыс істейтін 344 жас баспаналы болды.
— Жаңа «Астана» шағын ауданында 176 га аумақта 154 көпқабатты тұрғын үй салынады, бұл шамамен 60 мың адамға тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде 10 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталып, тағы 13 үйдің құрылысы басталды, — деді өңір әкімі.
Бұдан бөлек ол 2025 жылы автожол саласының бюджеті 103 млрд теңгені құрағанын, бұл 2022 жылғы деңгейден 2,6 есе көп екенін айтты. Осы жылы 1 300 км автожол жөнделді, бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4,6 есе көп, сондай-ақ 103 елді мекенде 400-ден астам көше жөнделді.
— 2023 жылдың басында ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 80,4% болғанын атап өткім келеді. Президенттің тапсырмасы бойынша биылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 100 пайызға жеткізілді, — деді Құмар Ақсақалов.
Бұған дейін хабарланғандай, Қостанай облысы экономикасының барлық саласында оң серпін бар.