Қостанай облысында жаңа егінді сақтауға 8,3 млн тоннаға арналған қоймалар дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Қостанай облысында 5,1 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны басталды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта егістің ерте мерзімінде бидай, арпа, сұлы және жем-шөп дақылдарын жинау жүргізілуде. Науқанға 7,9 мың астық жинайтын комбайн және 8,2 мың жүк көлігі тартылған.
- Күзгі дала жұмыстарына 83 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оның ішінде 15,6 мың тоннасы шілде айында жеткізілсе, 29,6 мың тоннасы тамызда жеткізіледі. Жеткізуді 20 оператор, соның ішінде бес кәсіпорын өз ресурстарын пайдалана отырып қамтамасыз етуде, - делінген ақпаратта.
Жаңа егінді сақтау үшін өңірде жалпы сыйымдылығы 3 млн тонна болатын 34 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны және сыйымдылығы 5,3 млн тонна болатын шаруашылық қоймалары дайындалды. Сондай-ақ барлық егінді сақтауға арналған 415 астық кептіру агрегаты жұмыс істейді.
Айта кетейік, тамыздың алғашқы онкүндігінде елімізде 1,2 млн тонна астық жиналды.