Қостанай облысында жастар «Таза Қазақстан» аясында экоквестке қатысты

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM – Қостанай облысының Лисаков қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Таза аумақ – баршамызға ортақ міндет!» атты экоквест өтіп, оған 40-қа жуық жас қатысты.

ы
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Іс-шара қаланың 11-шағынауданында ұйымдастырылды. Экоквестің негізгі мақсаты – жастарды қоршаған ортаны қорғауға тарту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және туған қаланың тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарауға баулу.

Қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, тақырыптық станциялардан өтті. Олар экологияға қатысты сұрақтарға жауап беріп, қалдықтарды дұрыс сұрыптау бойынша тапсырмаларды орындады. Сондай-ақ экологиялық белгілерді іздеп, табиғатқа ұқыпты қарау жөніндегі білімдерін сынады.

ы
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

 

Квестің практикалық бөлігі аумақты тазалауға арналды. Жастар қоқыс жинап, өздеріне бекітілген учаскелерді ретке келтірді.

– «Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаның тазалығы әрқайсымызға байланысты екенін көрсетеді. Сондықтан жастарға табиғатқа ұқыпты қараудың маңыздылығын айтып қана қоймай, нақты іс-шараларға қатысуға мүмкіндік беру біз үшін маңызды. Бүгін жастар өздерінің белсенділігі арқылы қоршаған ортаның жағдайына жауапкершілікпен қарап, туған қаласының дамуы мен абаттандырылуына үлес қосуға дайын екенін көрсетті, – деді Лисаков қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы Ділдә Хайрат.

Экоквест барысында жауапты тұтыну және қалдықтарды дұрыс басқару мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Ойын форматындағы тапсырмалар арқылы экологиялық тақырыптар жастарға түсінікті әрі қызықты түрде ұсынылды.

Іс-шара соңында ең белсенді командалар мен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен белсенділік танытқан жастарға ақшалай сертификаттар табысталды.