Қостанай облысында 2000 адам бизнес негіздерін үйренеді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда 1000-нан астам адам бизнес курстарын оқып шықты. Бұл туралы Арқалық қаласында өткен жиында Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Шағын және орта бизнес - ел экономикасының күретамыры. Бұл сала Қостанай облысында енді-енді қарқын алып келеді. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің сөзінше, биыл 1177 адам бизнес курстарға қатысты. Олардың 693-і өз бизнес-жобаларын қорғады.

«Өткен жылы жобаға облыстың оңтүстік өңірлері қатысқан жоқ. Оқу тек Әулиекөл, Қарабалық, Қарасу, Қостанай, Меңдіқара және Федоров аудандарында өткізілді. Биыл барлық аудан мен қалаларда оқыту жүргізілуде. Жалпы жыл соңына дейін 2 000 адамды оқыту жоспарда бар. Жыл басынан бері 693 бизнес оқуын бітірушінің 304 жобасы қаржыландырылды. Бұл мақсатта 782,8 млн теңге жұмсалды», - деді Мейіржан Мырзалиев.

Қостанайлықтардың көбі «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқуға түседі. Оның тиімділігі - шағын несие алып, бизнес жүргізу негіздерін үйретеді. Осы бастама аясында Қостанай облысы бойынша 454 кәсіпкерлік субъектісі ашылмақ. Бүгінде сол жоспардың 63 пайызы орындалған. 

Айта кетейік, «Бастау-Бизнес» курсына кез келген азамат қатыса алады. «Басты талап - кәсіпкерлікпен айналысуға деген құлшыныс қана» дейді мамандар. Бизнес жобалардың жартысы ауыл шаруашылығын дамытуға негізделген. Қалғаны қызмет көрсету, тасымалдау мен қоғамдық тамақтандыру қызметіне арналған. Енді дәріс алған әр азамат ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры немесе басқа да несие ұйымдарының қолдауына ие бола алады. Шарттары да тиімді. 

Мейіржан Мырзалиев айтқандай, «Қос Қолдау» шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландыру бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы қаржы бөледі. Бүгінде кәсіпкерлерді даярлау және кәсіп нысандарын ашуға 1 млрд теңге бөлінді. Оның 500 млн теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылды.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram