Қостанай облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 30 пайызға артты
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының өнеркәсіп өндірісінде айтарлықтай өсім байқалады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқосуда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Қойшыбаевтың баяндамасы тыңдалды. Жалпы, бүгінде облыс өнеркәсібі жаңа қарқын алған. Әсіресе, тау-кен және өңдеу салаларында басымдық мол. Облыста 700-ден астам кәсіпорын тұрақты жұмыс істесе, оларда 43 мың адам еңбектенеді.
«Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы баға бойынша 329 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артты. Өндірілген өнімнің нақты көлемі өткен жылмен салыстырғанда 11%-ға өсті, соның ішінде тау-кен саласында 5,7%-ға және өңдеу секторында 17,4%-ға ұлғайды. Өнеркәсіп өндірісі құрылымындағы тау-кен саласының үлесі 40% - ды құрайды, бұл - облыс экспортының басты тетігі. Қазір аймақта мыс кенін өндіру кезінде ең үлкен өсім байқалады. Ол былтырғыдан 2,2 есеге артқан», - деді Ерлан Қойшыбаев.
Сонымен қатар, биыл май, ет өнімдері және алкогольсіз сусындар өндірісінің өсімі тіркелді. Өңір ұн өндіруден республикада 1-орында болса, күнбағыс майын шығаруда 2-орында. Сүт мен кондитерлік өнімдердің нарықтағы өтімі жоғары.
«Индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыс кәсіпорындары бәсекеге қабілетті өнім шығарып, шетел нарығын игеруде жемісті жұмыс атқарып келеді. Өткен жылдармен салыстырғанда кондитерлік өнімдердің экспорты 4 еселенді, ұн экспорты 1,5 есе артты. 2016 жылдан бастап жеңіл автомобильдерді экспортқа шығару жүзеге асырылуда. Өңдеуші өнеркәсіптің айтарлықтай үлесі металлургияға тиесілі. Одан түскен табыс 36,5 млрд теңгені құрады», - деді облыс әкімінің орынбасары.